Жаңа ЖБ Шоу! Қайрат - Брюгге!

Қазақстандық регбиші Үндістандағы супер-турнирде жүлделі орын еншіледі

29.06.2026, 18:18

Үндістанның Rugby Premier League (RPL) лигасы – қазіргі регби-7 әлеміндегі ең ауқымды әрі бірегей коммерциялық жоба

Қазақстандық регбиші Үндістандағы супер-турнирде жүлделі орын еншіледі
Қазақстан регби федерациясы

Регбиден Қазақстан құрамасының капитаны Магомедрасул Магомедов «Bengaluru Bravehearts» командасының сапында Үндістанда өткен HSBC Rugby Premier League (RPL) 2026 турнирінде өнер көрсеткен болатын. Екі аптаға созылып, 28 маусымда аяқталған тартысты додада оның командасы жоғары деңгейдегі ойнап, турнирдің қола жүлдесін жеңіп алды.

Үндістанның Rugby Premier League (RPL) лигасы – қазіргі регби-7 әлеміндегі ең ауқымды әрі бірегей коммерциялық жоба. Турнирді Үндістан регби федерациясы президенті Рахул Боуздың жетекшілігімен және GMR Sports холдингі ұйымдастырады. Аңызға айналған крикеттегі Indian Premier League (IPL) үлгісімен өткізілетін бұл жарыс әлемнің ең үздік регбишілерін бір алаңға жинайды.

Биылғы маусымда лигада Жаңа Зеландия, Фиджи, Оңтүстік Африка Республикасы, Австралия, Аргентина және Ирландияның HSBC SVNS әлемдік сериясының жұлдыздары әлемнің үздік бапкерлерінің жетекшілігімен өнер көрсетті. Қатаң драфт жүйесі нәтижесінде әлемдік деңгейдегі ойыншылар, үндістандық спортшылар және дамушы регби елдерінің үздік легионерлері бір команда құрамында бақ сынады. Осындай жоғары деңгейдегі турнирге Қазақстан ұлттық құрамасының капитанының шақырылуы – қазақстандық регби мектебінің халықаралық деңгейде мойындалғанының айқын дәлелі.

«Bengaluru Bravehearts» сапындағы өнер Магомедрасулдың кәсіби мансабындағы маңызды белеске айналды. Ол әлемдік регбидің беткеұстар ойыншыларымен бірге алаңға шығып, соларға қарсы лайықты ойын көрсетті. Австралиялық Генри Хатчисон мен аргентиналық Лусиано Гонсалес секілді жұлдыздарға қарсы сәтті қорғаныс әрекеттері мен алаң ортасындағы батыл шабуылдары қазақстандық регбишілердің әлемдік деңгейде жоғары бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеді.

Магомедовтың RPL 2026 турниріне қатысуы халықаралық регби қауымдастығының назарын Қазақстанға аударды. Бұл тәжірибе мен жоғары қарқындағы кәсіби лигада жинақталған тактикалық шеберлік ұлттық құрамаға үлкен пайдасын тигізіп, алдағы маңызды халықаралық жарыстарда команданың әлеуетін арттыратыны сөзсіз.

«Біздің капитанымыздың Үндістандағы RPL секілді беделді турнирге қатысуы – тарихи оқиға. Магомедрасул бұл жарысқа тек қатысып қана қойған жоқ, ол өз командасымен бірге Олимпиада чемпиондары мен Әлемдік серия жұлдыздарына қарсы ойнап, лиганың қола жүлдесін жеңіп алды. Бұл баға жетпес тәжірибе ұлттық құрамамыздың алдағы Азиядағы маңызды жарыстар алдындағы дайындығына зор серпін береді», – деп атап өтті Қазақстан регби федерациясы өкілдері.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам