Спортшы допинг үшін төрт жылға жарыстан шеттетілді
Қырғызстандық грэпплинг және ММА спортшысы Сыймык Махмудов допингке қарсы талапты бұзғаны үшін төрт жыл бойы жарыстарға қатыса алмайды. Спортшыға қатысты санкцияны Біріккен күрес әлемінің (UWW) антидопинг бағдарламасын жүзеге асыратын Халықаралық тестілеу агенттігі (ITA) бекітті.
Махмудовтан допинг сынамасы 2024 жылғы 11 қазанда Астанада өткен грэпплингтен әлем чемпионаты кезінде алынған. Зертханалық талдау нәтижесінде спортшының ағзасынан тыйым салынған мельдоний препараты табылған.
Осыдан кейін қырғызстандық спортшы уақытша жарыстардан шеттетілген еді. Кейін жүргізілген рәсімдерден соң оған қатысты түпкілікті шешім шығарылды. Дисквалификация 2024 жылғы 21 қарашадан 2028 жылғы 20 қарашаға дейін жалғасады.
Сондай-ақ Махмудовтың 2024 жылғы 11 қазаннан кейін көрсеткен барлық спорттық нәтижелері күшін жояды.
Мельдоний WADA-ның тыйым салынған заттар тізіміне енгізілген. Оны спортшыларға жарыс кезінде де, жарыстан тыс кезеңде де қолдануға болмайды.
Айта кетейік, Сыймык Махмудов – Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері әрі грек-рим күресінен әлем чемпионы Ақжол Махмудовтың ағасы.