ФИДЕ шебері Алдияр Жауынбай екі бірдей алтын медаль иеленді
Қазақстандық жас шахматшылар Алдияр және Әлімжан Жауынбай Сингапурда өткен 24th ASEAN+ Age-Group Chess Championships 2026 халықаралық турнирінде ел намысын абыроймен қорғады. Ағайынды шахматшылар жарыс қорытындысы бойынша үш алтын және бір күміс медаль жеңіп алды.
20 жасқа дейінгі шахматшылар арасында өнер көрсеткен ФИДЕ шебері Алдияр Жауынбай екі бірдей алтын медаль иеленді.
Қазақстандық шахматшы алдымен рапид сайысында топ жарды. Алдияр жарыс барысында 5,5 ұпай жинап, өз санатында бірінші орын алды. Ал блицте ол 7 ұпай еншілеп, тағы бір мәрте қарсылас шақ келтірмеді.
Алдияр классикалық шахматта да жүлдеге жақын болды. Алайда жарысты төртінші орынмен аяқтап, тұғырға бір қадам жетпей қалды.
Ал оның інісі Әлімжан Жауынбай 12 жасқа дейінгі шахматшылар арасында бақ сынады. Ол блицте өте сәтті өнер көрсетіп, 8 ұпаймен Азия чемпионы атанды.
Классикалық шахматта да Әлімжан жүлдеден көрінді. Қазақстандық шахматшы 7 ұпай жинап, күміс медаль иеленді. Ол бірінші орын алған қарсыласымен бірдей ұпай жинағанымен, қосымша көрсеткіштер бойынша жеңісті вьетнамдық шахматшыға берді.
Айта кетейік, ағайынды Жауынбайлар KazChess-тің дарынды жастарды қолдау бағдарламасына қатысады. Бұл жоба еліміздің ең үздік 45 жас шахматшысына халықаралық деңгейде тәжірибе жинап, кәсіби тұрғыда дамуына мүмкіндік береді.
Әлімжан Жауынбайдың жетістіктері бұған дейін де отандық шахматта үлкен қызығушылық тудырған. 2025 жылы небәрі 11 жасында ФИДЕ шебері нормативін орындап, Қазақстан тарихындағы осы атақты алған ең жас шахматшы атанған еді.
Осылайша, Жауынбайлар отбасының қос өкілі Сингапурдағы халықаралық додада Қазақстан қоржынына үш алтын және бір күміс медаль салды.