Израиль шахматшылары діни мерекеге байланысты 6-турға қатыспай қалды

Израильдің ерлер құрамасы Нидерландпен, әйелдер командасы Болгариямен ойнауы тиіс еді

FIDE
FIDE

Израильдің ерлер және әйелдер құрамалары Самарқандта өтіп жатқан шахмат олимпиадасының алтыншы турында қарсыластарына келмей, техникалық жеңіліс тіркеді.

Израильдік шахматшылар дүйсенбі күні ерлер арасында Нидерланд құрамасымен, ал әйелдер арасында Болгария командасымен кездесуі керек болған. Алайда бұл күн Йом-Кипур діни мерекесіне сәйкес келгендіктен, Израиль тарапы ойын уақытын кейінге шегеруді немесе кездесулерді демалыс күніне ауыстыруды сұраған.

Израильдің ерлер құрамасы Нидерландпен, әйелдер командасы Болгариямен ойнауы тиіс еді. Алайда қарсы тараптар кездесулерді ауыстыру туралы ұсынысты қабылдамаған. Нәтижесінде ФИДЕ ережесіне сәйкес екі матчта да Израиль құрамаларына 0:4 есебімен техникалық жеңіліс жазылды.

Израиль шахмат федерациясының төрағасы Звика Баркай бұл шешімге наразылық білдірді.

«Біздің қатты көңіліміз қалды. ФИДЕ өз міндеттемелерін орындамады. Күнтізбе жасалған кезде мерекені ескерудің орнына, олар қарсыластарымызбен келісуге тырысты», — деді ол JPort порталына.

Израиль тарапының мәліметінше, олимпиаданың бесінші турында қарсыластары ойын уақытын өзгертуге келісім берген. Сол кезде Израильдің Сингапур және Колумбия құрамаларымен кездесулері ораза басталғанға дейін аяқталатындай етіп ертерек өткізілген.

Йом-Кипур — иудейлердің маңызды діни мерекелерінің бірі. Бұл күні діндарлар ораза ұстап, ғибадат етеді. Осыған байланысты Израиль құрамалары алтыншы турдағы кездесулерге қатыспады.

 

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам