Қазақстандық бапкер Үндістанда 16 жастағы қызды зорлады деген күдікке ілікті

16 жастағы спортшы полицияға 18 қыркүйекте жүгінген

Қазақстан велоспорт федерациясы
Қазақстан велоспорт федерациясы

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Үндістанда қылмыстық іс бойынша іздестіріліп жатқан қазақстандық велоспорт бапкері Мақсат Аязбаевқа қатысты жағдайға түсініктеме берді.

Министрліктің мәліметінше, Қазақстан тарапы жағдайдан хабардар. Қазір қазақстандық дипломаттар Аязбаевтың туыстарымен байланыста және оған консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп жатыр.

«Министрлік Үндістандағы Қазақстан азаматына қатысты жағдайдан хабардар. Қазақстандық дипломаттар аталған азаматтың туыстарымен байланыста. Оған консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп жатыр. Министрлік бұл мәселені бақылауда ұстап отыр», — деп хабарлады СІМ.

Бұған дейін Үндістанның Патиала қаласында қазақстандық бапкерге қатысты кәмелетке толмаған спортшыға жыныстық зорлық жасады деген күдік бойынша қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат тараған еді.

Үндістандық ақпарат құралдарының хабарлауынша, оқиға 13 қыркүйекте Патиаладағы Нетаджи Субхас атындағы Ұлттық спорт институтында оқу-жаттығу жиыны кезінде болған. 16 жастағы спортшы полицияға 18 қыркүйекте жүгінген. Осыдан кейін Аязбаевқа қатысты қылмыстық іс қозғалып, оны ұстау үшін арнайы полиция топтары құрылған.

Полицияның мәліметінше, құқық қорғау органдары бапкерді іздестіру барысында оның Дели қаласында басқа оқу-жаттығу жиынында болғанын анықтаған. Алайда полиция тобы барған кезде Аязбаев ол жерден кетіп қалған. Оның төлқұжаты тәркіленген.

Үндістан полициясы тергеу барысында істің басқа да мән-жайлары анықталатынын хабарлаған. Қазіргі уақытта Аязбаевтың нақты қай жерде екені белгісіз. 

Қазақстан велоспорт федерациясы не деді?

Оқиғаға байланысты Қазақстан велоспорт федерациясы да мәлімдеме жасады.

Федерацияның мәліметінше, Мақсат Аязбаев соңғы жылдары Қазақстаннан тыс жерде Үндістан тарапының келісімшарты бойынша жұмыс істеп, Үндістанның ұлттық велоспорт құрамасын дайындаған. Ұйым оның қазіргі уақытта Қазақстан ұлттық құрамасына ешқандай қатысы жоқ екенін атап өтті.

«Жарияланымдарда көрсетілген оқиғалар оның Үндістан тарапы үшін жұмыс істеген кезеңінде Үндістан аумағында болған және оларды Үндістанның құқық қорғау органдары қарастырып жатыр», — делінген федерация мәлімдемесінде.

Федерацияның хабарлауынша, Үндістанда ресми тергеу жүріп жатыр, ал Үндістан велоспорт федерациясы маманның қызметін тергеу аяқталғанға дейін тоқтатқан.

Қазақстан велоспорт федерациясы істің барлық мән-жайы құзыретті органдар тарапынан анықталғанға дейін асығыс қорытынды жасап, баға бермеуге шақырды. Ұйым адамның кінәсі тек заңда белгіленген тәртіппен, ресми тергеу мен сот талқылауының нәтижесінде анықталатынын атап өтті. 

Мақсат Аязбаев кім?

Мақсат Аязбаев — бұрын кәсіби деңгейде өнер көрсеткен қазақстандық велошабандоз және бапкер. Ол спорттық мансабында «Astana Pro Team» сапында өнер көрсетіп, халықаралық жарыстарға қатысқан.

Кейін бапкерлік қызметке ауысып, Үндістанның велоспорттан ұлттық құрамасымен жұмыс істеген. Соңғы жылдары оның кәсіби қызметі Үндістан құрамасымен байланысты болған.

Қазіргі уақытта Аязбаевқа қатысты істі Үндістанның құқық қорғау органдары тергеп жатыр. Оның кінәсі сот шешімімен анықталған жоқ.

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам