Шахматтан Өзбекстанның ерлер құрамасы Самарқандтағы әлемдік олимпиадада екінші рет жеңімпаз атанды
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Самарқандта өткен 46-шы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасы мен 3-ші парашахмат олимпиадасының қорытындысы бойынша ел құрамаларының мүшелерімен кездесті. Жиын барысында чемпиондарға автокөлік пен баспана, сондай-ақ ақшалай сыйақы табысталды.
Шахматтан Өзбекстанның ерлер құрамасы Самарқандтағы әлемдік олимпиадада жеңімпаз атанып, бұл жетістігін қатарынан екінші рет қайталады. Елдің негізгі әйелдер құрамасы жарысты 13-орынмен аяқтады. Ал парашахматшылар алғаш рет Олимпиадада қола медаль иеленді.
Олимпиада чемпиондары Жавохир Синдаров, Нодирбек Абдусатторов, Нодирбек Якуббоев, Мухиддин Мадаминов және Шамсиддин Вахидовқа Volkswagen Teramont Pro көлігі мен коттедж берілді.
Ал парашахматтан қола жүлде алған Ахадхон Кимсанбоев, Марсель Шаюсупов, Сирожиддин Зайнидинов, Сардорбек Мамаражабов және Селби Какишоваға Volkswagen Passat Pro көлігі мен баспана табысталды. Құрама жаттықтырушылары да назардан тыс қалмады. Негізгі құраманың бас бапкері Рустам Қасымжанов пен парашахмат құрамасының жаттықтырушысы Самандар Шермухамедовке автокөлік берілді.
Сонымен қатар шахмат олимпиадасының чемпиондарына 200 мың доллардан, олардың жаттықтырушыларына 50 мың доллардан сыйақы тапсырылды. Парашахматшылардың әрқайсысына 50 мың доллардан, ал бапкерлеріне 12,5 мың доллардан берілді.
Кездесуде Шавкат Мирзиёев бұл нәтижелердің кездейсоқ еместігін атап өтіп, Өзбекстанды шахматтан әлемдік орталыққа айналдыру мақсатын қойды.
Ол елдің барлық өңірінде дарынды балаларды ерте анықтап, оларға мықты жаттықтырушылар бекітуді және халықаралық жарыстарға тұрақты қатысуына жағдай жасауды тапсырды. Сондай-ақ әйелдер шахматы мен парашахматты дамытуға арналған жеке жүйе құру жоспарланып отыр.
Самарқанд, Хорезм және Ферғана облыстарында Ташкент халықаралық шахмат академиясының филиалдары ашылады. Бұдан бөлек, жоғары санатты жаттықтырушылар даярлау жүйесі жолға қойылмақ.
ФИДЕ рейтингінде 1500 ұпайдан жоғары нәтиже көрсеткен шахматшылардың жекеменшік клубтарда білім алу шығынының жартысын мемлекет өтейтін болады. Сонымен бірге Uzbekistan Grand Chess ұлттық брендімен халықаралық турнирлер тұрақты түрде ұйымдастырылады.
Шавкат Мирзиёев Ташкентте 500 көрерменге арналған ойын залы, жатын корпусы және спорт алаңдары бар заманауи шахмат сарайын салуды ұсынды.