Дзюдодан әлем чемпионаты: қазақтың үш балуаны жеңіліп, біреуі жартылай финалға шықты

Еске салайық, күні кеше Абиба Жапониядағы Азия ойындарына қатысып, күміс жүлде жеңіп алған болатын

olympic.kz
olympic.kz

Дзюдодан Әзірбайжан астанасы Бакуде басталған әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы cапында сынға түскен үш балуан жарыста жүлдесіз қалып, тек Шерзод Давлатов ширек финалға шықты.

60 келіде күрескен Давлатов іріктеу бәсекелерінде Тәжікстан және Бурунди дзюдошыларынан айласын асырып, өзінің мүмкіндігін мүлт жібермеді. Ал 1/8 финалда Бразилия балуаны Мишель Аугустоны айқын жеңіп, ширек финалға жолдама алды. Ширек финалда франциялық Ромен Валадье-Пикарден басым түсті.

Өкінішке қарай, аталған салмақта күрескен Аман Бақытжан 1/8 финалда ресейлік Аюб Блиевтен айласын асыра алмады. Белдесу қосымша уақытқа дейін ұласып, қос дзюдошыға төреші екі реттен ескерту жасаған еді. Алайда сылбыр күресті деген желеумен отандасымызға үшінші рет шидо беріп, Ресей балуаны белдесу жеңімпазы атанды. Ал, отандасымыз төреші шешімімен келіспеген сыңай танытты.

Әйелдер арасында 48 келіде күрескен Абиба Әбужақынова алғашқы айналымда түрік дзюдошысынан уақытынан бұрын жеңілсе, Ғалия Тынбаева іріктеу бәсекесінде Тайпей өкілін уақытын бұрын қапы қалдырды. Бірақ, келесі айналымда моңғолиялық Баасанхүү Бавуудоржге қарсы қауқар таныта алмай, жарысты жүлдесіз аяқтады.

Белдесуден кейін Абиба Әбужақынова сәтсіз өнеріне қысқа ғана пікір білдірді.

«Бакуге кеше ұшып келдім. Бәрі жақсы болды. Күресуім керек еді. Бірақ белдесуде денем өзіме бағынбағандай болып, ары қарай жинақтала алмадым. Түрік балуанымен алғаш рет күресіп отырмын», - деді Абиба Әбужақынова.

Еске салайық, күні кеше Абиба Жапониядағы Азия ойындарына қатысып, күміс жүлде жеңіп алған болатын. Араға бір апта салмай ол Бакуге ұшып келіп, екінші ірі жарысына кірісіп кетті.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам