Аустрия Гран Приінің алғашқы күні жарысқа шыққан қазақ дзюдошылары түгел жеңіліп қалды

09.03.2024, 01:18

Ертең тағы алты балуан татамиге шығады

Аустрия Гран Приінің алғашқы күні жарысқа шыққан қазақ дзюдошылары түгел жеңіліп қалды
IJF

Аустрияның Линц қаласында басталған Гран При турнирінің бірінші жарыс күнінде татамиге шыққан Қазақстан балуандарының бәрі жеңіліп қалды.

8 наурыз күні ерлер құрамасынан 60, 66, әйелдерден 48, 52 келіде балуандарымыз белдескен болатын.

Алайда, 60 келіде Қанат Сейілхан ғана қола жүлдеге таласуға мүмкіндік алғанымен, шешуші белдесуде украиналық Дильшот Халматовқа есе жіберді. Осы салмақтағы тағы бір спортшымыз Ержан Еренғайыпов бірінші белдесуінде үндістандық Ядай Кумардан ұтылып қалды.

Ал, 66 келіде Жанарыс Рахметқали алғашқы айналымда болгар балуаны Янислав Герчевке қарсы қауқар таныта алмаса, Нұрсұлтан Зайзағалиев ресейлік Исмаиль Мисировқа жол берді.

Әйелдер арасында 48 келіде Диана Буркеева алғашқы кездесуде Бельгия балуанынан жеңіліп, жарысты аяқтады.

52 келіде Әлима Жұмағалиева венгриялық Роза Гиертиастан ұтылса, Аружан Ережепова аустриялық спортшыға қарсы тегеурін көрсете алмады.

Ертең дзюдошылар 73, 81 келіде, әйелдер 63, 70 келіде сынға түседі. Бұл ретте Қазақстан құрамасынан Жансай Смағұлов, Ислам Тоқтасын, Мәди Амангелді, Жалғас Қайролла, Самалай Ерғали, Зарина Сарипова татамиге шығады.

Қазақстан дзюдошылары жыл басынан бері Португалия Гран Приі, Париж, Баку, Ташкент Гранд Слэмдерінде күресіп, 4 медаль иеленген болатын. Оның ішінде әйелдер құрамасының өкілі Абиба Әбужақынова 1 күміс, 2 қола медальға қол жеткізсе, ерлерден Шархан Нұрлыхан Париж турнирінен қола медаль иеленді.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт
Жаңа Подкаст! Қонақта Марат Достаев пен Алдияр Жапарханов