Ресейлік балуан мансабында алғаш рет әлем чемпионатының қола жүлдесіне ие болды
Ресейлік даңқты балуан Абдулрашид Садулаев Астанада өткен әлем чемпионатында өзінің толық бабында болмағанын айтты. Спортшының сөзінше, тізесіндегі жарақат оның жарысқа дайындығына әсер еткен.
Жарыстан кейін балуаннан өз дайындығын пайызбен бағалау сұралған. Садулаев бастапқыда өзін жақсы сезінгенімен, шын мәнінде мүмкіндігінің толық ашылмағанын мойындады.
«Дайынмын деп ойлаған едім. Алайда 100 пайыз бабымда болмағаным анықталды. Дайындығымды пайызбен бағаласам, шамамен 60 пайыз болды», – деді ол.
Садулаев әлем чемпионатындағы нәтижесіне тоқталып, америкалық Кайл Снайдермен болған белдесулер тарихын еске алды. Айта кетейік, ресейлік балуан мансабында алғаш рет әлем чемпионатының қола жүлдесіне ие болды.
«Біз Кайлмен әдетте финалда кездесетінбіз. Бұл жолы жартылай финалға жолдама үшін белдестік. Онымен бұған дейін де бірнеше рет кездескенбіз. Қателеспесем, бұл алтыншы кездесуіміз. Жалпы есеп – 3:3. Қарсыластығымыз әлі жалғасады», – деді Садулаев.
Балуан болашақта америкалық қарсыласымен тағы да кездесуі мүмкін екенін жоққа шығармады. Оның айтуынша, алдағы Олимпиада ойындары мен келесі әлем чемпионатында жолдары түйісуі ықтимал.
Айта кетейік, Астанадағы әлем чемпионатында Ризабек Айтмұқан бірінші белдесуінде ресейлік Абдулрашид Садулаевтан 4:1 есебімен жеңілген еді.