«Соңғы жылдардағы ең ірі сенсация»: Бибісараның жеңісі әлем назарына ілікті

Эригайсидің рейтингі Асаубаеваның көрсеткішінен шамамен 200 ұпайға жоғары болған

Instagram/totalchess
Instagram/totalchess

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаеваның Будапештте өтіп жатқан Total Chess World Championship Tour Pilot турнирінде үндістандық Арджун Эригайсиді жеңуі халықаралық баспасөздің назарын аударды.

Үндістанның The New Indian Express басылымы бұл нәтижені классикалық рейтингке есептелетін партиялардағы соңғы жылдардың ең ірі сенсацияларының бірі деп бағалады.

Басылым мәліметінше, Эригайсидің рейтингі Асаубаеваның көрсеткішінен шамамен 200 ұпайға жоғары болған. Үндістандық гроссмейстер ақ тастармен ойнап, дебюттен кейін тиімді позицияға ие болды. Алайда ол басымдығын сақтап қала алмай, позицияны тым күрделендіруге тырысты. Соның салдарынан өз ойынында әлсіз тұстарға жол берді.

Ал Бибісара шешуші сәтте мүмкіндігін мүлт жібермей, дәл жүрістер арқылы басымдыққа ие болды. Нәтижесінде Эригайсиге мат қаупі төніп, ол партияны жалғастырудан бас тартты.

«Блицтегі шеберлігімен танымал қазақстандық шахматшы бар назарын жинап, мінсіз жүрістер сериясымен шешуші басымдықты жүзеге асырды. Нәтижесінде мат қаупі күшейіп, үндістандық шахматшы берілуге мәжбүр болды», – деп жазды The New Indian Express.

Үндістандық басылым партияға қатысты тағы бір қызықты жайтты атап өтті. Шешуші сәтте Асаубаева мен Эригайсидің ойынын бірден төрт камера түсірген. Айта кетейік, дәл сол уақытта турнирде әлемдік шахматтың басты жұлдыздарының бірі Магнус Карлсен де партия өткізіп жатқан.

Соған қарамастан, көрермендердің назары қазақстандық шахматшының ойынына ауған.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам