Оның қарсыласы рейтингте 98-орында тұрған польшалық Виктория Шлёнзок болды
Қазақстандық дзюдошы, әлем чемпионаттарының үш дүркін жүлдегері Абиба Әбужақынова Хорватияның Загреб қаласында өтіп жатқан Гран-при турниріндегі алғашқы белдесуінде жеңіліп қалды.
48 келіге дейінгі салмақта сынға түскен отандасымыз жарысты 1/8 финалдан бастады. Оның қарсыласы польшалық Виктория Шлёнзок болды. Осылайша, Әбужақынова турнирдегі жарыс жолын ерте аяқтады.
Айта кетейік, әлемдік рейтингте Абиба 21-орында тұрса, польшалық дзюдошы 98-сатыда болған.
Абиба Әбужақынова 2025 жылы Будапештте өткен әлем чемпионатында күміс медаль иеленген. Сонымен қатар 2022 жылы Ташкентте және 2024 жылы Абу-Дабиде өткен әлем біріншіліктерінде қола жүлдегер атанды.
Қазақстандық спортшы Азия ойындарында да екі мәрте күміс медаль жеңіп алған. Бұдан бөлек, 2023 жылы Португалияда, 2025 жылы Аустрияда өткен Гран-при кезеңдерінде топ жарған.