Финалдық белдесулер Астана уақытымен сағат 21:00-де басталады
Қазақстандық үш дзюдошы Загреб Гран-приінің финалында белдеседі
Хорватияның Загреб қаласында өтіп жатқан дзюдодан Гран-при турнирінің алғашқы күнінде Қазақстан құрамасының үш спортшысы финалға жолдама алды. Осылайша, отандастарымыз кем дегенде күміс медальді еншілеп қойды.
48 келіге дейінгі салмақта Ғалия Тынбаева жартылай финалда аустриялық Жаклин Шпрингерді жеңді. Енді қазақстандық дзюдошы алтын медаль үшін 2025 жылғы әлем чемпионы, италиялық Ассунта Скуттомен белдеседі.
60 келіге дейінгі салмақта Аман Бақытжан словениялық Давид Старкельден басым түсті. Финалда оның қарсыласы – Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, Қытай Тайбэйінің өкілі Ян Юнвэй.
Ал 66 келіге дейінгі салмақта Нұрқанат Серікбаев италиялық Валерио Аккольиді жеңіп, шешуші кезеңге өтті. Ол чемпиондық атақ үшін бразилиялық Роналд Лимамен күш сынасады.
Осылайша, Қазақстан құрамасының үш өкілі де Загреб Гран-приінің алтын жүлдесіне таласады.
Финалдық белдесулер Астана уақытымен сағат 21:00-де басталады.