Сыйақы көлемі бюджеттен тыс қаражат есебінен ұлғайтылған
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Азия ойындарының жеңімпаздарына берілетін ақшалай сыйақы көлемі артқанын мәлімдеді.
Енді алтын медаль иегерлері 50 мың АҚШ долларына дейін сыйақы алады. Бұл туралы министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
Министрдің сөзінше, сыйақы көлемі федерациялар мен Спортты қолдау қоры арқылы бюджеттен тыс қаражат есебінен ұлғайтылған.
«Биыл федерациялар мен Спортты қолдау қоры арқылы бюджеттен тыс қаражат есебінен Азия ойындарының чемпиондарына берілетін сыйақыны 50 мың долларға дейін арттырдық. Ал өзге жүлдегерлерге тиесілі төлемдер мемлекеттік органдармен келісу жұмыстары және халықаралық федерациялармен байланысты қажетті рәсімдер аяқталғаннан кейін беріледі», – деді Ербол Мырзабосынов.
Үкімет қаулысына сәйкес, Азия ойындарының алтын жүлдегерлеріне 10 мың АҚШ доллары, күміс жүлдегерлеріне 5 мың доллар, ал қола медаль иегерлеріне 3 мың доллар көлемінде сыйақы берілуі тиіс еді.