Ресей шахматшысымен тең ойын Карлсеннің рейтингтік ұпайынан айырылуына себеп болды
Норвегиялық гроссмейстер, шахматтан 16 дүркін әлем чемпионы Магнус Карлсен рапидтен әлемдік рейтингте 2800 ұпайлық межеден төмен түсті. Ол мұндай жағдайға соңғы рет 2012 жылы тап болған еді.
Карлсеннің рейтингтегі көрсеткішіне Будапештте (Венгрия) өтіп жатқан Total Chess World Championship Tour Pilot турниріндегі ресейлік Владислав Артемьевпен партиясы әсер етті.
Жұбаныш финалының екінші ойын күнінде қарсыластар төрт блиц партиясын өткізіп, норвегиялық шахматшы 2,5:1,5 есебімен алға шыққан. Рапидтегі алғашқы партияда ақ фигуралармен ойнаған Артемьев ойын тізгінін өз қолында ұстағанымен, соңғы сәтте тәуекелге бармай, тең нәтижеге келісті. Осылайша, рапид кезеңіндегі есеп 2:2 болды.
Алайда бұл тең ойын Карлсеннің рейтингтік ұпайынан айырылуына себеп болды. Қарсыластардың рейтинг көрсеткіштеріндегі елеулі айырмашылыққа байланысты норвегиялық шахматшы 2,4 ұпай жоғалтты. Нәтижесінде оның рапид рейтингі 2798,6 ұпайға дейін төмендеді.
Осылайша, Карлсен 14 жылдан бері алғаш рет 2800 ұпайлық межеден төмен түсті. Соған қарамастан, ол рапидтен әлемдік рейтингтің бірінші сатысындағы орнын сақтап қалды.
Айта кетейік, Будапешттегі турнир Карлсеннің атышулы әрекетімен де есте қалды. Норвегиялық шахматшы классикалық шахматтағы рейтингтік ұпайларын сақтап қалу үшін бірнеше кездесуге қатысудан бас тартқан. Сол партиялардың қатарында Қазақстанның үздік шахматшысы Бибісара Асаубаеваға қарсы кездесу де бар. Карлсен техникалық жеңілісті қабылдағандықтан, FIDE ережесіне сәйкес оның классикалық рейтингіндегі ұпайы кеміген жоқ.