Дорммараджу мен Синдаров: Қазақстан шахматтан әлем чемпионатын ұйымдастырады

Қазіргі әлем чемпионы Гукеш Доммараджу мен өзбекстандық үміткер Жавохир Синдаров арасындағы кездесу 24 қарашада басталады

FIDE
FIDE

22 қарашада Женевадағы Ұлттар сарайында шахматтан әлем чемпионы атағы үшін өтетін матчтың ресми ашылу салтанаты өтті. Үндістандық қазіргі әлем чемпионы Гукеш Доммараджу мен өзбекстандық үміткер Жавохир Синдаров арасындағы кездесу 24 қарашада басталады.

Швейцария 2004 жылдан бері алғаш рет шахмат тәжіне таласатын матчты қабылдап отыр. Сонымен қатар бұл – биыл қыркүйекте Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) президенті болып сайланған Тимур Турловтың басшылығымен өтетін алғашқы әлем чемпионаты.

Матчтың ашылу рәсімін Қазақстанның Женевадағы БҰҰ бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілдігі бірлесіп ұйымдастырды. Ал баспасөз мәслихаты 2013 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен ашылған Ұлттар сарайындағы Қазақстан залында өтті.

Қазақстанның Женевадағы тұрақты өкілі Ержан Қазыхан шахмат пен дипломатияның ортақ тұстарына тоқталып, екі сала да стратегиялық ойлау, сабырлылық пен көрегендікті талап ететінін атап өтті.

«Қазақстан үшін шахмат жай ғана спорт түрінен әлдеқайда биік. Шахмат пен дипломатияның арасында табиғи байланыс бар. Екеуі де стратегиялық ойлауды, сабырлылықты, көрегендік пен ережелерге құрметпен қарауды талап етеді. Ең бастысы, екеуі де әртүрлі көзқарастарды түсініп, бір-біріне сыйластықпен қараудың маңызын еске салады», – деді Ержан Қазыхан.

Сондай-ақ ол Тимур Турловты FIDE президенті болып сайлануымен құттықтап, бұл оқиғаның Қазақстанның халықаралық беделі үшін маңызын атап өтті.

Өз кезегінде Тимур Турлов әлем чемпионатының Женевада өтуі федерацияның мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты дамытуға деген ұмтылысын көрсететінін айтты. Кейін ол әлеуметтік желідегі парақшасында Қазақстанның матчты ұйымдастыруға қосқан үлесіне тоқталды.

«Біздің еліміз іс жүзінде жылдың басты шахмат оқиғасын ұйымдастырушылардың біріне айналды. Ресми баспасөз мәслихаты 2013 жылы сол кезде БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесін басқарған Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ашқан Ұлттар сарайының Қазақстан залында өтті. Мемлекет басшысының тікелей қатысуы мен қолдауының арқасында матчты дәл Женевада ұйымдастырып, оның негізгі іс-шараларын қаланың ең айтулы орындарында өткізуге мүмкіндік туды», – деп жазды FIDE басшысы.

Тимур Турлов шахматтың болашағына қатысты жоспарларымен де бөлісті. Оның айтуынша, онлайн-платформаларды дамыту, жасанды интеллектіні оқыту үдерісіне енгізу және жарыстардың көрсетілім сапасын арттыру шахматқа деген қызығушылықты күшейте түседі.

«Үкіметтермен және әлемнің ірі технологиялық корпорацияларымен ынтымақтастықты нығайту FIDE дамуының негізгі бағыттарының біріне айналуға тиіс деп сенемін. Цифрлық платформалар адамдарға тең мүмкіндіктерге қол жеткізуге көмектесе отырып, шахматтың дамуында шешуші рөл атқарды. Жасанды интеллект шахмат индустриясы үшін тек ойыншыларды даярлауда ғана емес, кең ауқымда да зор мүмкіндіктер аша алады», – деді ол.

Айта кетейік, Гукеш Доммараджу мен Жавохир Синдаровтың жасы – 20-да. Классикалық шахматтан әлем чемпионы атағы үшін матчта мұндай жас ойыншылар бұған дейін ешқашан кездескен емес.

Гукеш алдағы бәсекенің оңай болмайтынын түсінетінін айтып, қарсыласын жоғары бағалады.

«Жавохир Синдаров қазіргі таңда бабына енген ең мықты ойыншылардың бірі екені сөзсіз. Бұл нағыз сынақ болмақ», – деді Үндістан өкілі.

Ал өзбекстандық шахматшы әлем чемпионы атағы үшін таласу мүмкіндігіне ие болғанына қуанышты екенін жеткізді.

«Матчтан шынайы қуаныш алуға тырысамын. Бәсекенің өте ауыр болатынын білемін. Бұл – менің алғашқы тәжірибем. Кейбір шахматшылар өмір бойы ойнаса да, әлем чемпионы атағы үшін таласу мүмкіндігіне ие бола алмайды. Сондықтан осындай мүмкіндік бұйырғанына қуаныштымын», – деді Жавохир Синдаров.

Әлем чемпионаты классикалық уақыт бақылауымен өтетін 14 партиядан тұрады. Алғашқы ойын 24 қарашаға жоспарланған. Кездесулер Колоньидегі Мартин Бодмер қорында өтеді. Жүлде қоры – 2,5 миллион доллар. Чемпионаттың титулдық серіктесі – Salesforce, ал бас серіктесі – Freedom компаниялар тобы.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам