Ермаштың Бразилиядағы оқиғасы: 20 минут картинасыз тікелей эфир жүргізіп, Ұлттық арнаны "құтқарды"

Стамбұлға лицензиялық турнирге барған әйелдер құрамасы түгел жеңіліп қалды

10.05.2024, 20:50

Тек Дінмұхамед Қошқар ғана лицензияға таласпақ

Стамбұлға лицензиялық турнирге барған әйелдер құрамасы түгел жеңіліп қалды
Olympic.kz

Стамбұлда күрес түрлерінен Париж Олимпиадасына жолдама үлестіретін әлемдік соңғы іріктеу турнирінің екінші жарыс күнінде Қазақстан әйелдер құрамасының 6 балуаны түгел жеңіліп қалды. Олардың арасында тек біреуінде ғана жұбаныш белдесуіне мүмкіндік бар.

Бүгін бозкілемге шыққан 50 келідегі Лаура Ғаниқызы вьетнам спортшысына есе жіберген еді. Алайда, оның қарсыласы ширек финалда ұтылып, отандасымыздың мүмкіндігі біржола аяқталды.

53 келіде белдескен Мария Седнева алғашқы қарсыласын ұтқанымен, екінші айналымда Польша спортшысына қарсы қауқар таныта алмады.

57 келіде Лаура Алмағамбетова алғашқы айналымда Оңтүстік Корея балуанынан 10:0 есебімен басым түсті. Өкінішке қарай, ол 1/8 финалда түрік балуанына қарсы тегеурін көрсетпеді. 

62 келіде Ирина Кузнецова 1/8 финалда мексикалық балуаннан 13:8 ұпайымен ұтылды. Өкінішке қарай, оның қарсыласы да ширек финалда жеңіліс тапты.

68 келіде екінші рет лицензиялық турнирге барған Елена Шалыгина бірінші белдесуінде румын балуанынан 9:1 ұпайымен ойсырай ұтылды. Дегенмен, оның қарсыласы Александра Николета жартылай финалға дейін жетіп отыр. Егер ол финалға шықса, Шалыгинада жұбаныш белдесуіне мүмкіндік туады. Бұл аз да болса, қола жүлдегер атанған қос балуан арасында сарапқа салынатын Париж Олимпиадасының жолдамасына алуға жол ашады.

76 келіде күрескен Эльмира Сыздықова ә дегеннен сүрінді. Ол Эстония балуанымен күресте 2:1 ұпайымен есе жіберді. Өз кезегінде қарсыласы келесі айналымда ұтылып, Сыздықова үмітін желге ұшырды.

Ал кеше сынға түскен грек-рим күресі балуаны Дінмұхамед Қошқар жұбаныш белдесуінің барлығында жеңіске жетіп, үздік үштікке енді. Ол қола жүлдегерлер арасындағы жеңімпаз иеленетін жолдама үшін сынға түседі. Бұл ретте отандасымыздың қарсыласы мысырлық Мұхамед Ибрахим болмақ.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам