Бір салмақта Қазақстанның үш дзюдошысы Олимпиадалық рейтингке енген
Алматыда дзюдодан 60 келіде Париж Олимпиадасына баратын Қазақстан балуандарын іріктеу үшін спаррингтік бәсекеде Елдос Сметов жеңімпаз атанды.
Ұлттық құраманың мүшелері Нұрқанат Серікбаев, Мағжан Шамшадин, Елдос Сметов арасында өткен белдесулердің нәтижесінде Олимпиада Ойындарының екі дүркін жүлдегері үздік шықты. Ол әуелі Мағжан Шамшадинді қосымша уақытта ескертумен ұтты. 12 минутқа созылған сында Шамшадин Сметовтің аяғынан ұстағаны үшін жеңіс қарсыласына берілді.
Ал екінші белдесуде Шамшадин мен Серікбаев белдесті. Бұл кездесуде жеңімпаз негізгі уақытта анықталды. Нұрқанат Серікбаев вазари ұпайын еншілеп, Мағжан өз мүмкіндігінен толық айрылды.
Ал, шешуші белдесу 15 минутқа созылды. Бұл сында Елдос Сметов пен Нұрқанат Серікбаев негізгі уақытта өзара мықтыны анықтай алмады. Голден скор бәсекесі 9 минутқа жуықтап, соңғы сәтте Сметов қарсыласын өзінен асыра лақтырып, вазари ұпайын еншіледі.
Осылайша шілде айында басталатын Париж Олимпиадасына Елдос Сметов 60 келіде белдеседі. Бұл даңқты дзюдошының үшінші Олимпиадасы болғалы отыр. Елдос осыған дейін Рио және Токио Олимпиадасында күміс және қола медаль иеленген болатын.