Ол Париж Олимпиадасының жолдамасын Бішкекте өткен Азия аймақтық іріктеу турнирінде еншілеген
Грек-рим күресінен Париж Олимпиадасына қатысатын Айдос Сұлтанғали өзі еліктеген балуандар туралы айтты. 60 келіде күресетін отандасымыз қазақтың белгілі спортшысы Шәміл Серіковті өнеге тұтатынын атады.
«Мен еліктеген спортшы ол Шәміл Серіков еді. Марқұм ағамыздың белдесулері туралы бейнежазба жоқтың қасы. Ағайларымыздың айтуынша, ерекше талантты балуан болған. Бозкілемде өзінің бар әдісін қолданып, 2-3 минут ішінде қарсыласын ұтып кететінімен ерекшеленген», - деді Айдос Сұлтанғали.
Сонымен бірге, әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері құрама тізгінін қолған Атланта Олимпиадасының чемпионы Юрий Мельниченконың да күресінен көп нәрсе үйренгенін алға тартты.
«Ұлттық құраманың бас бапкері Юрий Мельниченоның да кілемде көрсеткен күресі ұнайды. Барлық белдесуін толық қарап шықтым. Балуан ретінде одан бізге алатын тәжірибе өте көп.Ол қарсыласын уақытынан бұрын ірі есеппен ұтып отырғаны жанкүйерлер есінде қалды. Маған осы ағаларымыздың күресу мәнері өте қызықтырады. Солар секілді көп балл еншілер, уақытынан бұрын ұтып, жанккүйерлерімді қуантқым келеді», - деді. Айдос Сұлтанғали.
Ұлттық құрама мүшесі Париж Олимпиадасының жолдамасын сәуір айында Бішкекте өткен Азия аймақтық іріктеу турнирінде еншілеген болатын. Сондай-ақ, ол биыл ақпан айында ел чемпионатында топ жарды. Грек-рим күресінен Қазақстан құрамасы Парижге тамыз айының басында барады. Олимпиада кестесі бойынша классикалық күрес балуандары тамыздың алғашқы аптасында сынға түседі.