Сергей Пономарев Париждегі XXXIII жазғы Олимпиада ойындарында қатысуы тиіс еді
Велотрек бойынша еліміздің ұлттық құрама маңында тағы бір дау-дамай шықты. Бұл жолы ел чемпионатында топ жарған спортшы Олимпиададан тыс қалып, оның орнына екінші орын алған спортшы аттанбақ.
Велоспортшы Сергей Пономарев биылғы 3-7 шілде күндері аралығында Астанада өткен ел чемпионтында "кейрин" және "спринт" бәсекесінде топ жарды. Осы көрсеткіші бойынша ол Париждегі XXXIII жазғы Олимпиада ойындарында қатысуы тиіс еді. Алайда ол төртжылдықтың ойындарынан күтпеген жерден тыс қалғалы отыр. Оның орнына ұлттық құраманың бас бапкері Иван Сиваштың жерлесі, көрсеткіш жағынан өзге спортшылардан аз нәтиже көрсеткен Андрей Чугай баратын көрінеді.
Ерекше айта кететін жайт, Чугай спринттегі бәсекеде Пономаревтен 2:0 есебімен ұтылып қалған болатын. Ал кейтрингте өткен соңғы бәсекеде тағы 5 ұпайға ұтылғаны тағы бар.
"8 шілде күні велоспорттан Олимпиада ойындарына қатысуға өтініш беру аяқталды. Алайда, қатысушылар тізімінде Қазақстан ұлттық чемпионатында спринт пен кейринде абсолютті чемпион атанған Сергей Пономарев енбей қалды. Оның орнына Андрей Чугай Парижге барады. Бұған дейін ол барлық жарыстардан Пономаревтен ұтылған еді. Бас жаттықтырушы Сиваш осындай маңызды жарысқа қатысушыны қандай талаптар бойынша таңдағанын түсінбеймін. Егер Чугай Пономаревтан ұтылса, оның Олимпиадада жеңіске жетеріне кепілдік бар ма?, - дейді Маңғыстау облысының велоспорт бойынша аға жаттықтырушысы Жанұя Сейітов Orda.kz-ке берген сұхбатында.
Париждегі Олимпиада ойындарына спортшының кандидатурасы бойынша түпкілікті шешім Қазақстан ұлттық чемпионатынан кейін қабылдануы тиіс болған. Ал Франция астанасында 27 шілде күні басталатын додаға Пономарев баруы тиіс еді. Бірақ соған қарамастан ел чемпионатында екінші орын алған Андрей Чугай аттанғалы отыр. Әзірге бұған қатысты туризм және спорт министрлігі мен ұлттық құрама тарапы ләм-мим деп ауыз ашпады. Соған қарағанда, Париж Олимпиадасында Чугайдың сынға түсетіні нақты шешім болуы әбден мүмкін.