Әлемнің 89 елінен келген ойыншылар 21 спорт түрінен сынға түседі
Астанада қыркүйек айында өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жұмсалатын қаржы көлемі анықталды. Аталған этно-спорттық бәсекеге 8 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалмақ. Бұл туралы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясының басшысы Наиль Нұров мәлімдеді.
Оның айтуынша, 8-12 қыркүйек күндері өтетін ойындарға әлемнің 89 елінен келген ойыншылар 21 спорт түрінен сынға түспек.
«Көшпенділер ойындарына операциялық шығындар бойынша 5,7 млрд теңге жұмсалады. Бұл 2011 жылы өткен жетінші қысқы Азия ойындарының бюджетімен салыстырған 20 есе аз. Ал 2017 жылы Алматыда өткен Универсиаданың бюджеті бес есе көп еді. Аталған сомаға біздің қаржылық серіктестеріміз бен демеушілеріміз қосатын қаражат қосылады. Жалпы алғанда, операциялық бюджет шамамен 8 млрд теңгеге жуықтайды», - деді Наиль Нұров.
Көшпенділер ойындары Астанадағы бірнеше спорт кешенінде өтпек. «Қазанат» ипподромы, «Алау» мұз сарайы, «Астана-Арена» кешендерінде 5-ші мәрте өткелі отырған дода көрермендерін қабылдайтын болады.