Алайда, дәл сол ауылдағы өзге көшелерге әлі жол төселмеген
Жамбыл облысындағы Елдос Сметов тұратын көшеге асфальт төселгені – оның Олимпиада чемпионы болуына еш қатысы жоқ, жол салу жұмыстары жыл басында жоспарланған дейді облыс әкімі Ербол Қарашөкеев. Парламент палаталарының бірлескен отырысына келген әкім журналистердің сұрақтарына жауап берді.
«Ол ауылда қазан айында астфальт төселеді деген жоспар болған. Өздеріңіз білесіздер, қазір жол жөндеу бойынша да мемлекеттік жұмыстар оңай емес. Сондықтан процесс басталған еді. Ұтып алған мердігерлер екінші мердігерлермен соттасып, асфальт төсеу мәселесі кешікті. Мерзім бойынша біз шілде айында асфальт төсеуіміз керек болатын. Сол себепті мердігерлер өз тарапынан жолды жөндеп берді. Сметовтің ауылында 6-8 жолды жөндеу жоспарда бар еді. Оған үлгермей жатыр», - деді Қарашөкеев.
Айта кетейік, 60 келінің өкілі Елдос Сметов Париждегі аламанда топ жарған соң әлеуметтік желіде оның көшесінде жолдың жаңартылып жатқанының видеосы тараған. Сонан соң желіде жол салынуы үшін спортшы чемпион атануы керек деген әзілдер пайда болды.