Дәстүрлі турнир биыл бесінші рет өткізіліп жатыр
Мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Тенді еске алуға арналған дәстүрлі V Халықаралық турнир Астанада 3-5 қазан аралығында «Барыс Арена» кешенінде өтеді.
Мәнерлеп сырғанаудан Denis Ten Memorial Challenge 2024 жарысы даңқты сопртшы қаза тапқан уақыттан бері өткізіліп келеді. Биыл бұл турнирге әлемнің 31 елінен 120 спортшы қатыспақ. Олардың қатарында Диас Жиренбаев (Қазақстан), Даниэль Грассль (Италия), Анастасия Губанова (Грузия), Старр Эндрюс (АҚШ), Алекса Ракич (Канада), Йе Куан және Ханна Лим (Оңтүстік Корея) сынды мәнерлеп сырғанаушылар бар.
Турнир ересектер және жасөспірімдер арасында екі санатта өтеді. Спортшылар жекелей сында және мұзда сырғанау жаттығуы бойынша бақ сынамақ.
Еске салайық, Денис Тен 2018 жылдың 19 шілдесінде Алматыда кісі қолынан қаза тапты. Оның автокөлігінің айнасын ұрламақ болған екі жігіттің бірі ұрлық үстінде ұсталғандықтан қолындағы пышағымен спортшыға ауыр жарақат салған. Денис ауруханаға жеткен бойда көз жұмды.