ЖБ Шоу! #3 Жаңа шығарылым!

Күрестен жастар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстанның балуандары жаппай жеңіліп қалды

25.10.2024, 19:27

Ертең Ризабек Айтмұқан жарыс жолына шығады

Күрестен жастар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстанның балуандары жаппай жеңіліп қалды
UWW

Албанияда күрес түрлерінен U23 санатында өтіп жатқан әлем чемпионатының бесінші жарыс күнінде белдесуге шыққан отандық балуандар іріктеу кезеңдерінде түгел жеңілді. 

Еркін күрестен бүгін басталған белдеуде отандық 5 балуан боз кілемге шығып, ешқайсысы үмітті ақтай алған жоқ.

Олардың арасында 61 келіде Әділет Әлмұхамедов Иран балуанына 12:1 есебімен жол берді. 74 келіде Мұрат Жақыпов 1/8 финалда АҚШ өкілінен 7:2 есебімен ойсырай ұтылды. Ал 86 келіде Нұржан Исағалиев Израиль балуанынан 15:5 нәтижесімен айқын жеңілді. 92 келіде Бекзат Аманғалиев Венгрия спортшысына 6:0 есебімен жол берсе, 125 келіде Омархан Надиров болгар балуанынан 6:2 көрсеткішімен жеңілді.

Егер балуандарымыз есе жіберген қарсыластар финалға шықса, онда отандастарымыз жұбаныш белдесуіне мүмкіндік алады.

Бұған дейін грек-рим және әйелдер күресінен сынға түскен 20 балуан түгел жүлдесіз қалды. Бүгінгі нәтижені қосқанда 25 балуанымыз жарыста ұтылып отыр.

Ертең еркін күрестен тағы 5 балуанымыз жарыс жолына шығады. Олардың арасында әлем чемпионы Ризабек Айтмұқан да бар. Ол таяуда Иорданияда U20 санатында өткен әлем біріншілігінде жеңімпаз атанған болатын.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам