Мұндай марапат тек Олимпиада чемпиондарына ғана беріледі
Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметовке тағы құрмет көрсетілді. Дзюдодан Ақтөбе қаласында өтіп жатқан ел чемпионатында спортшыға Халықаралық дзюдо федерациясы жіберген (IJF) арнайы «алтын жазу» табысталды.
Алдағы төрт жылда Елдос Сметов барлық жарыстарда кимоносына Олимпада чемпионы екенін айғақтайтын арнайы жазуды тағып жүреді. Бұл әр Олимпиадада топ жарған 14 балуанға ғана жасалатын арнайы құрмет.
Чемпионат кезінде ҚР дзюдо федерациясының президенті Қ.Есекеев Сметовке арнайы белгіні табыстады. Сонымен бірге, шараға Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Ақтөбе облысының әкімі, дзюдода қазақ спортшылары арасында әлем чемпионатының алғашқы жүлдегері Асхат Житкеев қатысты.
Бұған дейін IJF Сметовке хат жолдап, арнайы белгіні табыстайтынын айтқан болатын.
Айта кететін жайт, Сметов қазақ дзюдошылары арасында Олимпиада чемпионы атанған алғашқы балуан. Бұған дейін төрт жылдықтың басты ойындарында финалған шыққан Асхат Житкеев (2008) пен Сметов (2016) күміс медаль алған.