Шираз чемпиондық титулға басқа жолмен жетуді көздеп отыр
WBO-ның жаңа президенті Густаво Оливьери жаңа ереже енгізді, соған сәйкес чемпионмен айқас өткізуден бас тартқан боксшы рейтингіден шығып қалады. Таяқтың ұшы ең алдымен Жәнібек Әлімханұлымен бокстасудан бас тартқан британиялық Хамза Ширазға тиді.
«Бізге Шираздың чемпиондық атаққа таласқысы келетіні туралы ақпарат келіп түсті. Ол біздің аймақтық титулдарымызға ие болып, біртін-біртін рейтингідегі орны да жоғарылай бастады. Ал бірінші орын алғанда, міндетті үміткер атанды. Біз келіссөздер өткізуді тапсырдық, дегенмен бірнеше күннен соң Queensberry Promotions-тен Шираздың хатын алдық. Онда «Мүмкіндік үшін рахмет, бірақ біз әрі қарай басқа жолмен жүруді құп көрдік» деп жазылған. Міндетті үміткердің бірі чемпиондық атақ үшін жекпе-жектен бас тартса, WBO чемпиондық комитеті боксшыны рейтингіден шығаруға немесе оны төмендетуге құқылы. Сондықтан мен оны рейтингіден шығару туралы шешім шығардым. Бұл Шираз екеуміздің шешіміміз», - деді Оливьери.
Queensberry Promotions президенті Фрэнк Уорреннің айтуынша, Шираз чемпиондық титулға басқа жолмен жетуді көздеп отыр. Міндетті үміткер ретінде Уоррен басқа боксшыны ұсынбақ: 7 желтоқсанда рейтингінің бірінші және екінші нөмірлі спортшылары, яғни Дензел Бентли мен Брэд Паулс айқасы өтеді.
Бентли - Паулс Ұлыбритания, Еуропа чемпионы атақтары мен WBO International белбеуін сарапқа салады. Негізі екеуі әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлымен бокстасу құқығына таласады.
Шираз чемпиондыққа өзге жолды таңдағандықтан, Дензел мен Брэд бір сатыға жоғарылады, яғни рейтингінің бірінші және екінші нөмірлі боксшылары міндетті үміткер мәртебесіне айналды деген сөз.