Басшының өзі мұндай күдіктің тек қауесет екенін айтып, әрбір ісін балалар спортына арнап жатқанымен түсіндірді
Ақтөбе облысының Шалқар ауданында директор балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінен мемлекет мүлкін иеленді деген «күдікке ілінді». Бұл туралы «Время» басылымы жазды.
Әңгіме 58 жыл бұрын салынған Цеханович атындағы спорт мектебі туралы. Ғимарат құлайын деп тұр, енді оның орнына жаңа БЖСМ (балалар және жасөспірімдер спорт мектебі – авт.) салынуы керек. Бұл міндетті Қызылордада тіркелген мердігер «Нұр-Талап және К» компаниясы өз мойнына алған. Бұл компаниямен құны 1,5 миллиард теңге болатын шарт 23 желтоқсанда жасалған.
Араға бірнеше күн салып жұмыс басталып кеткендей көрінді. Тұрғындар спорт мектебінде линолеумды, еден тақталарын, панельдерді, батареяларды алып жатқан адамдарды көрген. Бірақ олардың мердігер фирманың өкілдері емес, спорт мектебінің қызметкерлері, соның ішінде жаттықтырушылар екенін байқаған.
Ал, Жаңа жылға бір апта қалғанда БЖСМ директоры 9 қаңтарға дейін басқа ғимаратқа көшуге байланысты оқытушыларды жалақысын сақтай отырып сабақтан босатқан.
Осыдан соң Шалқарда спорт мектебінің басшысы Дәулет Дәрібаевтың спорт мектебіне жарамды барлық затты өзіне алып қалуға тырысты деген қауесет тарады. Тіпті брусчатканың өзі Дәрібаевтың қарамағындағы қызметкерлердің бірінің үйіне жеткізілген.
«Иә, брусчатка уақытша жұмысшылардың бірінің үйіне қойылды. Бізге бөлінген басқа ғимаратқа апаратын техника жоқ. Темір жолдың арғы жағында, шалғайда», – дейді Дәулет Киікбайұлы.
Белгілі болғандай, Цеханович спорт мектебіне жергілікті билік бұрынғы киноклуб ғимаратын берген. Онда жас спортшылар жаңа БЖСМ салынғанға дейін жаттығады. Бірақ, Дәрібаевтың айтуынша, уақытша баспананың жағдайы да оңып тұрған жоқ, оның салынғанына 55 жыл болған, содан бері жөндеу көрмеген.
Мектеп басшылығы уақытша орында оқушыларға қандай да бір жағдай жасау үшін ескі нысандағы газон мен футбол алаңын әкетуге мәжбүр болған. Сонымен қатар, жаңа спорт кешені ашылған соң бұрынғы киноклуб ғимараты БЖСМ балансына ауысады екен.
«Барлығы мердігердің келісімімен жасалады, - деп сендірді Дәрібаев. - Қазірдің өзінде маған жергілікті тұрғындар қоңырау шалып, шифер немесе кірпіш сұрайды. Бірақ бөгде адамдар материалдарды әкетіп қалмас үшін бәрін жинап қойдым. Жаңа жерде қажет болады».
Директордан мұндай қауесет тудырмас үшін әрі бәрі заң жүзінде болуы үшін мұның бәрі неге хаттамаға алынбағаны да сұралды. Оның үстіне бөлшектеумен мердігердің өзі неге айналыспайды?
«Әзірге хаттама жоқ. Бірақ ол болады, - дейді Дәулет Дәрібаев. - Әрине, мұның бәрін (бөлшектеу. - ред.) мердігер жасауы керек. Бірақ олар жұмысты қалай бастайтынын өзіңіз де білесіз ғой».
Бір жағынан, директордың бұрынғы киноклуб ғимаратына қажет болады деп ескі заттарды жинап жатқанын түсінуге болады, дегенмен бұл жерде жаттықтырушылардың жұмысқа жегілгені «Педагог мәртебесі туралы» заңға қайшы емес пе деген сауал туындайды.