Қазақстан құрамасын шетелдік мамандар жаттықтырып жатыр
1-2 ақпанда Парижде дзюдодан биылдың алғашқы Гранд Слэм турнирі өтетіні белгілі. Аталған жарысқа Қазақстан құрамасы бармайтын болды. Бұл туралы Спорт және дене шынықтыру комитеті хабарлады.
Еске салсақ, бұған дейін ұлттық құрама Астанада оқу-жаттығу жиындарын бастаған болатын. Команданың Париждегі турнирге дайындалып жатқаны айтылған еді.
«Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин дзюдодан команда басшысымен кездесті. 2025 жылдан бастап, ұлттық құрама жаңа шетелдік мамандармен жұмыс істеуге кірісті. Спортшыларымыз оқу-жаттығу жиынында жаңа методикалық әдіспен дайындалып, тек ақпан айының соңында ғана жарысқа қатысады», - делінген комитеттің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Осылайша Қазақстан дзюдошылары Париждегі турнирден алғаш рет тыс қалды. Франция астанасындағы Гранд Слэм турнирі 2009 жылдан бері дәстүрлі өткізіліп келеді. Содан бері Қазақстан құрамасы оған тұрақты қатысып келген. Осы уақыт аралығында дзюдошыларымыз 11 медаль жеңіп алған екен. Оның біреуі алтын болса, үшеуі күміс, жетеуі қола медаль.