Айтулы турнирге әлемнің бірнеше елінен ең үздік балуандар келеді деп күтілуде
Алматыда ақпан айында әлемдік күрес жұлдыздарының қатысуымен PWL 8 турнирі өтетіні белгілі. Айтулы жарысқа Қазақстаннан 3 балуан қатысатын болды. Олар: Ризабек Айтмұқан, Азамат Дәулетбеков және Жәмила Бақбергенова.
Еркін күрестен әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, 4 дүркін Азия чемпионы Азамат Дәулетбековке 92 келіде екі дүркін әлем чемпионы ирандық Камран Гасемпур қарсылас атанады. Қос балуан 92 келіде өнер көрсетеді.
Бұған дейін әлемдік додаларда 86 келіде бақ сынап келген Азамат Париж Олимпиадасынан кейін 92 келіге көтеріліп бірнеше турнирге қатысқан болатын. Соңғы рет Қазақстан кубогында жеңіске жетті.
Азамат бұл турнирге екінші рет қатысқалы отыр. 2023 жылы ол Алматыдағы PWL 4 турнирінде ресейлік Арслан Багаевты жеңген.
Ал, 72 келіде әлем чемпионатының төрт дүркін жүлдегері Жәмила Бақбергенова әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері қырғызстандық Айпері Медетқызымен күреседі. Жәмила мен Айпері 76 келіде мықтыны анықтайды.
Жәмила да PWL турниріне екінші рет қатыспақ. 2023 жылы ол ресейлік Ксения Бураковадан 6:5 есебімен басым түскен.
Әлем чемпионы Ризабек Айтмұқанның қарсыласы даңқты америкалық балуан Кайл Снайдер болатыны бұған дейін айтылған еді. Снайдер – Рио Олимпиадасының чемпионы, әлемнің үш дүркін чемпионы.