Бапкердің шәкірттері 6 алтын медаль жеңіп алған
Маңғыстау облысының джиу-джитсудан жастар арасындағы аға жаттықтырушы Жәнібек Әбу-Бәкір жарысқа балаларды өз қаржысына апарған. Алматыдағы ел чемпионатына бару үшін маман өз қалтасынан 3 млн теңге шығындапты. Бұл туралы жергілікті журналист Айбек Мұханов жазды.
23-25 қаңтар аралығында Алматыда джиу-джитсудан жастар мен жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты өткен. Маңғыстау облысынан аталған біріншілікке 19 спортшы қатысыпты. Оның алтауы алтын медаль алса, екеуі – күміс, тағы бір бала қола жүлдегер атанған.
Мәселені көтерген журналист жергілікті әкімдіктің жастар спортына ақша таппағанына қынжылды.
«Келесі айда Тайландта өтетін Азия чемпионатына маңғыстаулық джитсерлер кімнің ақшасымен барады? Әлде, аға бапкер Жәнібек Әбу-Бәкір тағы да кредит алып, Азия чемпионытына шәкірттерін апара ма? Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, мемлекет бөлген қаржыны нәтиже көрсетіп жүрген спортшыларға неге бермейсіздер», - деп жазды Айбек Мұханов өзінің Facebook-парақшасында.
Айта кетейік, чемпион атанған маңғыстаулық джитсерлер биыл Таиландта өтетін Азия чемпионатына қатысады.