Қанат Ислам Алматы әкімінен көмек сұрады

20.03.2025, 20:03

Боксшы есірткіден төнетін қауіп туралы сөз қозғады

Қанат Ислам Алматы әкімінен көмек сұрады
Әлеуметтік желі

Қазақстандық танымал кәсіпқой боксшы Қанат Ислам Алматы әкімі Ерболат Досаевқа екі өтінішін жеткізді.

Қала басшысының тұрғындармен кездесуіне Қанат та келіп, Алматыда өтетін бокс кештеріне әкімдіктен қолдау мен демеушілік көрсетуді сұрады. Бұдан бөлек ол кәсіби жаттықтырушылардың басшылық етуімен спорт үйірмелерін ашуға ниетті екенін, соған ғимарат бөлінсе деген тілегін жеткізді.

«Наурызбай ауданының тұрғынымын. Ауданымыздағы тұрғындар саны артып келеді. Бірақ жан-жақтан төнетін қауіп көп. Қазір жастар арасында есірткі секілді неше түрлі қауіп төндіретін дүние бар. Балаларымыз солардан аулақ болуы үшін, дені сау, саламатты өмір салтын ұстанып өсуі үшін оларды спортқа баулуға мүдделіміз. Өзім алты баланың әкесімін. Сондықтан балалардың болашағына алаңдаймын. Бокс саласында жүрген, осы салада біраз жетістікке жеткен адам ретінде де ауданымыздың тұрғындары үшін спорт үйірмелерін ашқым келеді. Осы орайда салынып жатқан ғимараттардан орындар бөлінсе, құба-құп болар еді», - деді Қанат Ислам.

Әкім өз кезегінде боксшының қазақ спортына сіңірген еңбегін тілге тиек ете отырып, өтініші жерде қалмайтынын айтты.

«Көмекшілерім отыр, сол кісілермен кездесіп, мән-жайды талқылаңдар. Өзің сол залдардың стандарттары қандай болуы керек, не қажет – соның бәрін айтып түсіндір», - деді Досаев.

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам