Еуропа чемпионатында Ресей шенеунігімен төбелесе жаздаған балуан оған алғыс айтты

21.04.2025, 09:55

Михаил Мамиашвили оны «сатқын» деп айыптаған болатын

Еуропа чемпионатында Ресей шенеунігімен төбелесе жаздаған балуан оған алғыс айтты
UWW

Күрес түрлерінен Еуропа чемпионатында марапаттау рәсімінде ресейлік шенеунікпен төбелесіп қала жаздаған Албания балуаны алғыс білдірді. Ресейде туып, бүгінде өзге елдің құрамасында күресетін Чермен Валиев өзіне қатысты туындаған дауға нүкте қойды.

Еркін күрестен құрлық біріншілігінде 74 келіде белдесіп, чемпион атанған ол марапаттау рәсімінде Ресейдің күрес федерациясының президенті Михаил Мамиашвилимен сөзге келіп, соңы дауға ұласқан еді. Ресей шенеунігі оған сес көрсетіп, медальды мойнына күштеп ілген болатын.

«Қолдау білдіріп жатқандар өте көп. Көзқарасымды нақтылау үшін қоңырау шалып жатқан журналистер де бар. Барлығынан бір ғана өтінішім бар — жасанды түрде ахуалды күрделендірмеуді сұраймын. Мен ең алдымен – ресейлікпін, осетин балуанымын. Қазіргі таңда Албания атынан өнер көрсетіп жүрмін.

Спорттық азаматтықты ауыстыру былтыр барлық қолданыстағы ережелерге сәйкес өтті. Михаил Мамиашвилиге және Ресейдің күрес федерациясының барлық басшылығына алғысым шексіз. Олар мені әрдайым қолдап келді, спорттағы өсіп-жетілуіме себепкер болды — азаматтығымды ауыстырған кезде де, оған дейін де», - деді ол.

Валиев спортшы ретінде боз кілемнен тыс жерде сабырлық пен ұстамдылық танытатынын жеткізіп, мұндай дауды қаламайтынын алға тартты.

Еске салайық, Словакияда 7-14 сәуір күндері күрес түрлерінен өткен Еуропа чемпионатында Чермен Валиевті марапаттау рәсімінде Михаил Мамиашвили оны «сатқын» деп айыптаған. Артынша екеуінің арасында ерегіс туындады.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам