Жапонияның атақты дзюдошысы Мейірлан Максимнен кешірім сұрады

19.06.2025, 10:14

Мейірлан Максим әлем чемпионатының үшінші кездесуінде жарақат алды

Жапонияның атақты дзюдошысы Мейірлан Максимнен кешірім сұрады
t.me/kazjudoteam

Қазақстан дзюдо федерациясы Будапештте өтіп жатқан әлем чемпионатында отандасымыз Мейірлан Максим мен жапониялық Гоки Таджима арасындағы белдесуге қатысты мәселені Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) төрешілер жұмысына жауапты супервайзеріне ресми түрде көтерген болатын.

Халықаралық федерация өз жауабында жарақаттың спортшы тарапынан әдейі келтірілмегенін, әдіс орындау кезінде сәтсіз қозғалыстың салдарынан болғанын хабарлады. Сондықтан жапониялық спортшы тарапынан ереже бұзылмағанын және бұл жағдай спорттық тәртіпке қайшы әрекет ретінде тіркелмейтінін түсіндірді. Сонымен қатар, IJF супервайзерлері Жапония құрамасының жаттықтырушыларына аталған әдісті (o soto gaeshi) орындау кезінде сақтық шараларын күшейту қажеттігін ескертті.

Мейірлан Максим ұлттық құрама дәрігері мен жарыс барысында қызмет көрсеткен медициналық топтың шешімімен Будапешттегі ауруханада шұғыл медициналық тексеруден өтті. Алғашқы диагноз бойынша – «тізенің медиалды бүйір байламының үзілуі мүмкін» деген күдік бар. Жарақаттың нақты дәрежесі толық медициналық тексеруден кейін белгілі болады. Қазіргі таңда спортшы шұғыл ем алу үшін Қазақстанға оралды.

Белдесуден кейін жапониялық Гоки Таджима жарақат алғаны үшін Мейірлан Максимнен кешірім сұрап, оның татамиге қайта оралуын асыға күтетінін білдірді.

Еске салайық, Мейірлан Максим әлем чемпионатындағы үшінші белдесуінде жарақат алып, жарыс жолынан шығуға мәжбүр болды. Ол әлем чемпионы атанған Гоки Таджимаға қарсы белдесуде белсенді күрес көрсетті және екі шидо есебімен алда тұрған. Алайда жекпе-жек барысында қарсыласының o soto gaeshi әдісіне сәтсіз түсіп, жарақат алғандықтан, жеңіс жапониялық спортшыға берілді.

Осылайша, 21 жастағы Мейірлан Максим ересектер арасындағы алғашқы әлем чемпионатын үшінші айналымда аяқтады.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам