Шахмат тақтасында емес, шпагатта: Асаубаеваның суреті сынға ұшырады

24.06.2025, 13:56

Ұйымдастырушылар Бибісараның шпагат жасаған фотосын таңдаған

Шахмат тақтасында емес, шпагатта: Асаубаеваның суреті сынға ұшырады
instagram.com/freestyle_chess

Әлемдік аренада Қазақстан атын танытып жүрген гроссмейстер Бибісара Асаубаеваның фристайл шахмат турнирінде жарияланған суреті әлеуметтік желіде үлкен дау туғызды. Турнирдің ресми Instagram парақшасында шахматшыларға арналған таныстыру посттар сериясында ұйымдастырушылар Бибісараның шахматтағы жетістіктерін емес, шпагат жасап тұрған фотосын таңдаған.

Бұл қадам желі қолданушыларының ашуын тудырып, ұйымдастырушылар «кәсібиліктен жұрдай» деген сынға ұшырады.

«Сіздер ешқашан Магнус Карлсеннің шортымен жүрген немесе Хикару Накамураның шахмат тақтасында шпагат жасап тұрған суретін жарияламайтын едіңіздер ғой. Ендеше неге дәл осындай мазмұндағы фотосурет шахмат турнирінде қолданылды? Бұл жағдай кәсібилік талаптарына сай келмейді және гендерлік теңсіздіктің белгісіндей әсер қалдырады»,

«Бұл қандай фото өзі? Ол шахматшы емес пе?», «Мұндай фотоны жариялап, шахмат әлеміне осындай астарлы үндеу жолдағаны үшін freestyle chess ұйымдастырушыларынан ұялу керек. Ол да басқа ойыншылар секілді құрметке лайық»,

«Бұл фотоны неге таңдағандарын түсінбеймін... Ол керемет шахматшы және оның ойнап отырған сәтінен көптеген суреттері бар. Аяғын керіп отырған фотосуретті жариялаудың еш қажеті жоқ еді», – деп жазды желі қолданушылары.

Жанкүйерлер бұл фотоның әйел шахматшыларға деген көзқарасты жеңілтек етіп көрсететінін айтып, мұндай танымал платформаларда кәсіби тұлғаға лайықты құрмет көрсетілуі керек екенін еске салды.

Айта кетейік, Бибісара Асаубаева – Қазақстан шахмат тарихындағы екінші әйел-гроссмейстер. Ол биылғы Sharjah Masters 2025 супертурнирінде (БАӘ) 64 гроссмейстердің ішінен үздік отыздыққа енді. Әйелдер арасында ең үздік нәтиже көрсетіп, әлемдік гроссмейстерлер – Чжу Цзиньэр мен Дивья Дешмухты басып озды.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 1
Күлкілі 3
Ашулану 1
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам