
Ол күш қолданылатын спорт түрлерінде әсіре діншіл болудың зиян тұстарын атады
Қоғамда спорттағы дін мәселесі қызу талқыланып жатқаны рас. Бұл пікірталасқа белгілі промоутер Нұраддин Садықов қосылып, әсіре діншілдіктің спортта жетістікке жетуге зияны көп екенін алға тартты. Бұл туралы ойын ол Zamandas подкастында айтты.
«Қазақта «Бір қолға екі қарбыз сыймайды» деген жақсы сөз бар. Исламда «Алланың бүкіл жаратылысын сүй» дейді. Жалпы, кез келген дінде солай: ешкімге зияныңды тигізбеуге шақырады. Бірақ дінді ұстанып, өзіңді сол діннің бүкіл талаптарын орындайтын адам ретінде көрсете отырып, сен біреуді қалай соққыға жығасың?» - дейді Садықов.
Ол бүгінгі қоғамда діни көзқарастағы адамдар мен әсіре діншілдерді сынайтындар арасындағы алшақтыққа мемлекеттік идеологияның жоқтығы себеп отыр.
«Отыз жыл идеология дұрыс жүргізілген жоқ. Қазір соның жемісін көріп отырмыз. Қаңтар оқиғасы кезінде мен де алаңда болып, жігіттермен сөйлестім. «Террорист» деп неше түрліні айтты. Олар ешқандай да лаңкес емес, олар өзіміз өсірген «жеміс ағашы». Олардың бойында патриоттық сезім, ұлттық құндылық деген атымен жоқ. Өздерін өмірде жоғалтып алған жандар. Сондай адамдарды біз 30 жыл бойы өзіміз тәрбиеледік. Аға буынның қателігі. Тіл жағынан да, дін жағынан да», - дейді ол.
Промоутердің айтуынша, ұлттық құндылықтардан қол үзіп қалуымыз бүгінгі ұрпаққа да кері әсерін тигізді.
«Абай мен Шәкәрім, ата-бабамыз ұстанған дін адамды сүюге, құрметтеуге үйреткен. Оның ішіне гей де, христиан да, дінсіз де, жануар мен жәндік те - бәрі кіреді. Жаратушының жаратылысын бөліп-жаруға саған кім құқық берді?! Оның әрекеті дұрыс болсын, бұрыс болсын, одан жауап алатын - Құдай. Сондықтан біреуге Құдайдың атынан сөйлеп, өзін Құдаймен теңестіретініңе жол болсын дегің келеді. Біз 30 жылда толеранттылық, адамды, айналаны сүю, оған құрметпен қарау дегенді жоғалтып алдық. Дін ұстанғандар формализммен шектелетін жағдайға жеттік. Намаз оқиды, сыртқы образдарын ұстанады, болды. Ал Құдайды тану, оның жаратылысын сүю ілімі айтылмайды. Тіпті мешіттердің өзінде айтылатын уағыздар киім кию, намаз оқу, қор қыздары дегенмен шектеледі», - дейді ол.
Ол күш қолданылатын спорт түрлерінде әсіре діншіл болудың зиян тұстарын атады. Бокстағы сәтсіздікті де осымен байланыстырып отыр.
«Жекпе-жек бар жерде махаббат жоқ. Октагонға кірген сәтте сен қарсыласыңды жек көруің керек, жек көрмесең, оны жеңе алмайсың. Сол сәтте сен ұстанатын дініңнен шығуың керек. Бокстағы сәтсіздік діннің кәсіпқой спортқа кіруімен байланысты. Бұрын кеңестік мектептің күшімен біразға дейін жеттік, соның күші кеткен сәтте спорт та құлдырай бастады. Яғни спортшылардың бойында қатыгездік жоқ, себебі дін жұмсартады, махаббат береді. Іштей жұмсақ адам ол соңына дейін барын салып төбелеспейді. Ол бейсаналы түрде болатын дүние. Меніңше, Хабиб Нурмагомедовтің де спорттан кетуіне осы жайт әсер етті. Себебі ол есейе келе нағыз діннің қандай болатынын, оның талаптары қандай екенін түсіне бастады. Сондықтан діншіл адамның кәсіпқой спортта жетістікке жетуі қиын. Біреулер маған Елдос Сметовті мысал етіп жазды. Бірақ Елдос жүйенің жемісі емес, ол - құбылыс. Үш олимпиадада жүлдегер атанған Қазақстанда неше адам бар? Ал басқа спорт түрлеріндегі құлдырау ше? Сондықтан идеологиялық жұмыс міндетті түрде керек», - дейді ол.
Садықов жеңілген спортшылардың «Алланың қалауымен» деп жиі айтуының ауыр салдары барын да алға тартты.
«Бұл жауапкершілікті біреуге арта салумен тең. Меніңше, «Алланың қалауымен ұтылдым, бұл жолы болмаса келесі жолы» деген көзқарас намыссыздыққа алып келеді. Алла сені жаратты, ақыл берді, ең бастысы, өз өміріңді өзің құруға мүмкіндік берді. Ал біз ақылды алып тастадық. Қазақстанда ғана емес, жалпы исламның жаңаруында болып жатқан дүние - жауапкершілікті Құдайға арта салу. Бұл дұрыс емес. Жауапкершілік өзіңде екенін ұмытпауың керек. Ал жауапкершілікті алмайтын болсаң, онда сен - жарымжан адамсың, кәміл мұсылман емессің», - деді Нұраддин Садықов.