
Ұлттық спорт түрлеріне бөлінетін қаржы көлемі көбейеді
Қазақстанда ұлттық спорт түрлері биылдан бастап олимпиадалық және паралимпиадалық спортпен бір қатарда басымдыққа ие бағыт ретінде заңнамалық тұрғыда мойындалды.
Бұл туралы 2024 жылдың маусым айында күшіне енген «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңның жаңа редакциясында нақты көрсетілген.
Жаңа заң ұлттық спорт түрлерін мақсатты түрде қаржыландыруға және оны жоғары жетістіктер спорты ретінде дамытуға жол ашады. Бұл – тек спорт саласына ғана емес, елдің мәдени мұрасы мен рухани тұтастығына қатысты маңызды қадам.
2025 жылғы 14 наурызда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Ұлттық спорт — мәдени бірегейлігіміздің ажырамас бөлігі және ұлт саулығын тәрбиелеудегі маңызды құрал», – деп атап өткен болатын.
Бүгінде елімізде 11 ұлттық спорт түрі белсенді дамып келеді:
Олардың ішінде құсбегілік, тоғызқұмалақ, қазақ күресі және асық ату ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген.
2024 жылдың қыркүйегінде елордада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны ұлттық спорттың халықаралық аренадағы беделін айқындай түсті. 89 елден келген 2700-ден астам спортшы қатысқан байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы 43 алтын, жалпы 112 медаль иеленіп, командалық есепте бірінші орынды жеңіп алды.
Ұлттық спортты насихаттауға бағытталған ірі жарыстар жыл сайын тұрақты өткізіліп келеді. Атап айтқанда:
«Ақбидай» ауыл спорт ойындары
«Қазақстан Барысы» республикалық турнирі
«Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі
әр өңірде ұйымдастырылатын этноспорт фестивальдері мен чемпионаттар
Ұлттық спорт — бұл тек жарыс қана емес, ол патриотизмнің, ұрпақ сабақтастығының, салт-дәстүрге деген құрметтің, және туған жерге деген сүйіспеншіліктің нақты көрінісі. Ендігі жерде бұл сала еліміздің стратегиялық даму бағытының бір бөлігі ретінде жүйелі қолдауға ие болмақ.