Эдуард Кравцов бұл жағдайға қатысты өз пікірін білдіріп, допингтің әдейі қолданылғанына сенбейтінін айтты
Ресей бокс федерациясының жаттықтырушылар кеңесінің төрағасы Эдуард Кравцов Жәнібек Әлімханұлына қатысты допинг дауына пікір білдірді.
Еске салайық, 7 желтоқсанда Жәнібек WBO, IBF және WBA нұсқалары бойынша чемпиондық белбеулер үшін Эрисланди Ларамен жұдырықтасуы тиіс болатын. Алайда жекпе-жекке бір күн қалғанда оның допинг-сынамасынан тыйым салынған мельдоний препараты табылғаны белгілі болды. Соның нәтижесінде кездесу толықтай тоқтатылды.
Эдуард Кравцов бұл жағдайға қатысты өз пікірін білдіріп, допингтің әдейі қолданылғанына сенбейтінін айтты:
«Менің ойымша, мұнда ешқандай әдейі жасалған «подстава» немесе қастандық жоқ. Милдронат ешқандай рөл атқармас еді. Бұл препарат Жәнібекке ешқандай артықшылық бере алмайды. Кәсіби спортшы үшін оның күші тым әлсіз. Терапиялық мақсатта қарапайым адамдарға көмегі болуы мүмкін, бірақ жоғары деңгейдегі боксшы оны допинг ретінде пайдаланады деген – нағыз сандырақ. Мельдоний бұрыннан тыйым салынған, бірақ ағзадан өте баяу шығатын зат. Сонымен қатар қазір нарықта құрамында не бар екені толық көрсетілмейтін көптеген спорттық қоспалар бар. Кейде өнімнің ішінде бұл зат болады, бірақ өндіруші оны жапсырмада көрсетпейді. Мұндай жағдайлар жиілеп кетті. Жәнібек Лараны жеңу үшін әдейі мельдоний қабылдады деу –бос әңгіме. Ол оған ештеңе бермес еді. Ал енді қандай шара қолданатынына келсек, нақты кеңес беру қиын. Ол иелік етіп отырған белбеулерді басқаратын ұйымдардың қандай санкция қолданатынына байланысты. Бұл препараттың түріне қарап, жазаның ұзақ болмайтынына сенемін. Тіпті дисквалификация болса да, ол аяқталған соң Жәнібек чемпиондық белбеуге міндетті үміткер мәртебесін сақтап қалуы мүмкін», - деді Кравцов Sports24.kz сайтына берген сұхбатында.