
Облыста 10-нан аса мекеме алты ай ішінде қаржыны жоспарсыз жұмсаған
Қызылорда облысының спорт басқармасының басшысы Бақтияр Артаев мемлекеттік бюджетті тиімді пайдалана алмай жатқан мекеме басшыларына ұрысты.
Оның айтуынша, облыста 10-нан аса мекеменің алты ай ішінде жылдық қаржының 75 пайыздан жоғары көлемін жоспарсыз жұмсағаны анықталған.
Осыған байланысты басқарма басшысы аталған мектеп директорларына қатаң сөгіс беріп, осы уақытқа дейін бюджет қаражатын игеруде осалдық танытқандардың жұмысы одан әрі зерделенетінін жеткізді. Тексеру барысында мемлекеттен бөлінген қаржы көлемі мақсатсыз пайдаланғаны дәлелденетін болса мекеме басшысына, бас есепшісіне және сол спорт түрі бойынша бапкеріне шешім қабылданатынын жеткізді.
«Барлық мекеме басшыларына бюджет қаражатын орнымен, тиімді игеруді тапсырамын. Бұл кезге дейін де сіздерге қаржының 70 пайызын олимпиадалық, 30 пайызын ұлттық спортқа және олимпиадалық емес спорт түрлеріне бағыттауды тапсырған болатынмын. Қаржыны спорт түрлеріне бағыттау кезінде олимпиадалық спорт түрлеріне басымдық беруді қатаң тапсырамын. Сіздердің нәтижелеріңіз осы олимпиадалық спорт түрлерінен көрсеткен көрсеткіштеріңізге байланысты есептелінетін болады», - дейді Бақтияр Артаев.
Ол ақша мерзімінен бұрын мақсатсыз жұмсағандардың ісімен құқық қорғау органдары айналысатынын айтты.
«Келесі айдан әрі қарай не істейсіңдер? Жылдың аяғына дейін қалай өмір сүресіңдер? Қатаң сөгістен бөлек, оңайшылықпен жұмыстан жібермеймін. Сендердің істеріңмен прокуратура айналысады. Бұл қорқытқаным емес, басында жай түсіндірдім», - дейді басқарма басшысы.