
Ол Алихан Кцоевтен ірі есеппен ұтылды.
Еркін күрестен қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Ризабек Айтмұханның спорттық бабы қазір мәз емес болып шықты.
Ол Осетияда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Әлеуметтік желідегі "Мир борьбы" Telegram арнасының хабарлауынша, ол жаттығу барысында осетиндік жас балуан Алихан Кцоевтен ірі есеппен жеңіліп қалған.
«Әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан алдағы әлем чемпионатына Осетияда дайындалып жатыр. Бірақ оның қазіргі физикалық және спорттық бабы қандай екені әзірге белгісіз. Мысалы, бүгінгі кездесуде ол Алихан Кцоевтен ірі есеппен ұтылды. Айта кетсек, Алихан 9 тамызда өтетін Еуропа чемпионы Алихан Жабраиловпен жекпе-жекке дайындалуда», – делінген Telegram арнада.
Айта кетейік, бұған дейін белгілі спорт журналисі Қыдырбек Рысбек Ризабек Айтмұқанның қазіргі аяқ алысына баға беріп, оның кемшін түсіп жатқан тұсын сынға алған болатын.
«Жақында Алматыда Олимпиада чемпионы Кайл Снайдермен күресті. Снайдерге ешқандай қайрат көрсете алмады. Ірі есеппен есе жеңілді. Ол әлемде ортаңқол балуандармен күресуге дайын. Алайда Снайдер секілді әбден қалыптасып, тісқаққан балуандардың кілтін таба алмайды. Неге? 18-19 жасында Садулаевтар қалай күресті? 21-22 жасында біздің Дәулеттер қалай күресті? Шәміл Серіков ешкімнің атағын сұраған жоқ. Неге Снайдердің кілтін Ризабек таппады? Кеше Азия чемпионатының финалында жапон Араш Йошидамен күресті. Оны неге жеңе алмады? Қарласы төртпақ, аса мығым. Соған қарсы күресі жүрмеді. Сен әлем чемпионысың ғой. Мен оны төмендетіп отырғаным жоқ, керісінше, жаным ашып отыр. Неге қазақтың баласы бір рет әлем чемпионы атанып, келесіде неге сол биіктен көріне алмады? Ризабектің Йошида мен Снайдерден жеңілгенінен кейін біздің бапкерлік мектепке іздену керектігін айтқым келеді. Қолымда билік болса Ризабек Олимпиада чемпионы Адам Сайтиевтің қол астына жаттығуға берер едім», - дейді Қыдырбек Рысбек.