
Айқын басымдықпен 13:2 есебімен жеңіске жетті.
Хорватия астанасы Загребте өтіп жатқан еркін күрестен әлем чемпионатында қазақстандық балуан Нұрқожа Қайпанов қола медаль жеңіп алды.
70 келіге дейінгі салмақта бозкілемге шыққан Қайпанов қола медаль үшін молдовалық Василий Дьяконмен кездесті.
Алғашқы кезеңде қазақстандық балуан белсенді қимылдап, есепті 3:0 қылды.
Екінші кезеңде қарқынын үдетіп, тағы 4 ұпай еншіледі.
Соңында қарсыласын толық қыспаққа алып, айқын басымдықпен 13:2 есебімен жеңіске жетті.
Бұған дейін жартылай финалда Қайпанов моңғолиялық Тумур-Очирын Тулгеге 2:5 есебімен жол берген еді. Осылайша финалға шыға алмағанымен, қола үшін белдесуде шеберлігін дәлелдеп, Қазақстан қоржынына жүлде салды.
Нұрқожа Қайпанов өткен жылы (2024) әлем чемпионы атанған болатын. Биылғы қола жүлде оның қатарынан екінші рет әлемдік додадан олжалы оралуын білдіреді.
Загребтегі чемпионатта Қазақстан құрамасынан тағы бір балуан — Асылжан Есенгелді (61 келі) де қола медаль иеленді. Осылайша, ел құрамасы екі жүлдемен қуантты.
Қазақстан сапында Олимпиада, әлем және Азия чемпионаттарының жүлдегерлері, сондай-ақ түрлі жас санатындағы ірі додаларда дара шыққан жас балуандар өнер көрсетіп жатыр.