
Болгариядағы қол күрестен әлем чемпионаты Қазақстан құрамасы үшін табысты өтті
Шардара Армспорт құрамасының жасөспірім спортшысы Ұлболсын Елмұрат Болгарияның Албена қаласында өтіп жатқан ересектер арасындағы қол күресінен әлем чемпионатында топ жарды.
Финалда небәрі 16 жастағы қазақ қызы 13 дүркін әлем чемпионы, словакиялық Люсия Дебрановамен күш сынасты. Шешуші сайыста Ұлболсын қарсыласына ешқандай мүмкіндік бермей, алғашқы секундтардан үстемдігін танытып, сенімді жеңіске жетті. Осылайша, ол ересектер арасындағы әлемдік додада алтыннан алқа тақты. Жеңіс тұғырында көк ту көтеріліп, Әнұран шырқалған сәтте жас спортшы эмоциясын жасыра алмай көз жасына ерік берді.
Айта кетейік, Болгариядағы бұл чемпионат Қазақстан құрамасы үшін табысты өтті. Тұңғыш рет бір әулеттен шыққан үш бауыр – Бекнұр (14 жаста), Азамат (15 жаста) және Әділет (18 жаста) Ибрагимдер өз салмақ дәрежелерінде қатарынан әлем чемпионы атанды. Сондай-ақ, 16 жастағы Нұрсұлтан Алдан да жеңімпаздар қатарынан көрінді.
Жастар арасындағы тағы бір ірі жетістікке 18 жастағы Ырысты Оразхан қол жеткізді. Ол финалда Швецияның аты аңызға айналған спортшысы, 11 дүркін әлем чемпионы Фия Рейсекті сенсациялық түрде жеңіп, Қазақстан спорт тарихына алтын әріппен жазылатын ерлік жасады.