Жұптық сында әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы Рыбакинаның жарыс күнтізбесіне қатысты сын айтты
Жұптық сында әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы Ренне Стаббс қазақстандық теннисші Елена Рыбакинаның жарыс күнтізбесіне қатысты сын айтты. Австралиялық маман Ниньбо турниріндегі жеңісінен кейін Рыбакинаның Токиодағы жарысқа қатысу шешіміне түсіністікпен қарай алмайтынын жеткізді.
Стаббстың пікірінше, Қытайдағы турнирді жеңіп алған соң Рыбакина Токиоға бармай, бірден Калифорнияға аттанып, WTA қорытынды турниріне дайындалуы керек еді. Сондай-ақ ол қазақстандық теннисшінің Жапониядағы жарысқа қатысуына демеушілік келісімшарт әсер етуі мүмкін екенін айтты.
«Оның жарыс күнтізбесіне қатысты сұрақтарым бар. Ниньбода жеңіске жеткеннен кейін Токиоға барудың қажеті қанша? Біреулер оның басынан аяғына дейін Yonex киімін киетінін айтты. Әдетте бұл Жапониядағы турнирге демеушілік келісімшарт бойынша қатысуың керек дегенді білдіреді.
Меніңше, бұл келісімшарттың бір бөлігі болған. Ол бір матч өткізіп, кейін жарыстан бас тартты. Егер сырқаттың немесе денедегі ауырсынудың алғашқы белгілері болса, Токиоға барудың не қажеті бар?
Ниньбода жеңіске жеттің бе, сол жерден бірден Калифорнияға барып, ашық корттар мен ыстық ауа райына дайындалуың керек еді. Оның жарыс күнтізбесін түсінбеймін. Менің ойымша, кейбір шешімдері мүлде ақылға сыймайды», – деді Стаббс подкастта.
Еске салайық, Елена Рыбакина мойнындағы жарақатына байланысты Токио турнирінің ширек финалына шықпай тұрып жарыстан бас тартқан еді. Кейін вирустық ауруға шалдығуына байланысты WTA қорытынды турниріне де қатыспайтынын мәлімдеді. Оның орнына қосалқы құрамда болған украиналық Марта Костюк шақырту алды.