Анна Данилина WTA Awards сыйлығына үміткер атанды
Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) 2026 жылғы маусым қорытындысы бойынша жыл сайынғы WTA Awards сыйлығының үміткерлер тізімін жариялады. Олардың қатарында Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы Анна Данилина да бар.
Қазақстандық теннисші сербиялық Александра Круничпен бірге жанкүйерлердің сүйікті жұптық дуэті анықталатын Fan Favorite: Doubles номинациясында бақ сынайды.
Бұл аталымда Данилина мен Круничтен бөлек, Катерина Синякова мен Тейлор Таунсенд, Габриэла Дабровски мен Луиза Стефани, Кристина Младенович пен Го Ханьюй секілді әлемдік турдың жетекші жұптары ұсынылған.
2026 жылғы маусымда қазақстандық-сербиялық дуэт Дохада өткен WTA 1000 санатындағы турнирде чемпион атанып, Australian Open және «Ролан Гаррос» жарыстарының финалына дейін жетті. Сондай-ақ олар Индиан-Уэллсте өткен WTA қорытынды турниріне жолдама алды. Алайда жарыс басталар алдында Александра Крунич тізесінен алған жарақатына байланысты турнирден бас тартты. Сондықтан жұп қорытынды бәсекеде өнер көрсеткен жоқ.
Анна Данилина маусымды жұптық сындағы әлемдік рейтингтің жетінші сатысында аяқтады.