Финалдың жолдамасын отандасымыз америкалық Джессика Пегуламен сарапқа салады
Аделаида қаласында (Аустралия) өтіп жатқан WTA 500 турнирінде Юлия Путинцева әлемнің ең үздік теннисшілерінің бірін жеңіп, жартылай финалға шықты.
Атап айтқанда, қазақстандық теннисші әлемнің 13-ракеткасы – ресейлік Диана Шнайдермен кездесіп, үш сетте 7:6, 6:7, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Матч 3 сағат 14 минутқа созылды.
Қазір Путинцева WTA рейтингінде 25-орында, осы жеңісінің арқасында келесі аптада өз мансабында алғаш рет 23-орынға көтеріледі.
Жерлесіміз финал жолдамасын әлемнің жетінші ракеткасы америкалық Джессика Пегуламен сарапқа салады. Тағы бір жартылай финалда американдық Мэдисон Киз (№20) бен ресейлік Людмила Самсонова (№26) кездеседі.
Аделаидадағы турнир 2020 жылдан бері өткізіліп келеді, жүлде қоры – 1,06 млн доллар (чемпион 164 мың доллар алады).
Жарыстың алғашқы жеңімпазы аустралиялық Эшли Барти болды, ал былтыр латвиялық Елена Остапенко жеңіске жеткен еді.