«Зорлық» жасады деп айыпталған Рыбакинаның атышулы бапкері сотқа шағым түсірді

02.06.2025, 11:08

Вуков WTA турнирлеріне қатысуға салынған шектеуді жоюға тырысып жатыр

«Зорлық» жасады деп айыпталған Рыбакинаның атышулы бапкері сотқа шағым түсірді
Championat.com

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакинаның бұрынғы жаттықтырушысы Стефано Вуковке психологиялық зорлық көрсетті деп айып тағылған. Осыған байланысты WTA тарапы оны бір жылға кәсіби қызметінен шеттеткен. Танымал бапкер аталмыш шешімге ресми түрде шағым түсірді. Бұл туралы The New York Times басылымы хабарлады.

Басылым мәліметінше, Вуков WTA турнирлеріне қатысуға салынған шектеуді жоюға тырысып жатыр. Қазір оның шағымын тәуелсіз арбитраж қарайды.

WTA бұл жағдайға қатысты түсініктеме беруден бас тартты, себебі ұйым құпия арбитраж процестеріне пікір білдірмейтінін мәлімдеді. Ал Вуков журналистердің сұрақтарына жауап бермеген.

The New York Times арбитражды таңдаудың себебін WTA ішкі ережелерімен байланыстырады: мұндай даулар сот арқылы емес, арбитраж тәртібімен шешілуі тиіс.

Ұйым шешіміне сәйкес, Вуковқа WTA турнирлеріне аккредитация алу, стадион мен жаттығу корттарына кіру және спортшылар орналасатын аймақтарға баруға тыйым салынған. Бұл шектеулерді Уимблдон, Australian Open, Roland Garros және US Open сынды төрт «Үлкен дулыға» турнирі де қолдап отыр.

«РИА Спорт» дерегінше, Стефано Вуков 2024 жылдың қаңтарында шәкірттеріне қатысты жүйелі психологиялық қысым көрсеткені үшін бір жылға шеттетілген. Бұған дейінгі ақпараттарда Вуковтың Рыбакинаға шамадан тыс жүктеме беріп, ауырып қалуына себеп болғаны айтылған. Сондай-ақ бапкер спортшыға «ақымақсың» деп тіл тигізіп, «мен болмасам, Ресейде картоп қазып жүрер едің» деген сөз айтқаны хабарланған.

Осыдан кейін Рыбакина бапкерін ауыстырып, хорват маманы Горан Иванишевичпен жұмыс істейді бастады. Алайда Australian Open турнирінен кейін Рыбакина Горан Иванишевичпен ынтымақтастығын тоқтатты. Ал кейінірек италиялық маман Давиде Сангвинеттидің жетекшілігімен дайындалып жатқанын мәлімдеді.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 1
Күлкілі 1
Ашулану 2
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам