АҚШ дәрігерлері тыйым салғанымен, неміс мамандары жұдырықтасуға болатынын айтқан
Кәсіпқой бокстан орта салмақта өнер көрсеткен қазақстандық Айдос Ербосынұлы басынан алған ауыр соққыдан кейін қазір қалыпқа келіп, жаттығу жасап жүр. SPORT+ телеарнасына берген сұхбатында ол бокстағы мансабы туралы айтты.
Еске салайық, 2022 жылы Ербосынұлы АҚШ-та кубалық боксшы Дэвид Мореллмен WBA чемпиондық белбеуі үшін жұдырықтасқан болатын. Сол жекпе-жекте ол нокаут алып, миына қан кеткен еді. Дәрігерлер оны жасанды комаға кіргізіп, емдегеннен кейін қайта оятты.
«Мен қазір жаттығу жасап жүрмін. Бірақ, белсендімін деп айта алмаймын. Жаңа жылдан кейін АҚШ-қа бардым. Дәрігерлердің бірі тексергеннен кейін боксқа қайта оралуға болады деп айтты. Өзгелері болмайды деді. Кейін Германияның маманы рингке қайта оралуыма 99% болатынын айтты», - деді Айдос Ербосынұлы.