Дзюдодан 60 келідегі бәсеке: Азия ойындарына неліктен Елдос Сметов кетті?

Дзюдо сарапшысы Елдос Сметовтің Азия ойындарына қатысуына қатысты пікір білдірді

ҰОК
ҰОК

Дзюдо сарапшысы әрі комментатор Жандос Қоныспаев El Sport YouTube арнасына берген сұхбатында Қазақстан құрамасындағы 60 келіге дейінгі салмақтағы бәсекелестік туралы пікір білдірді.

Сарапшы Елдос Сметовтің Азия ойындарына 60 келіге дейінгі салмақта қатысуына қатысты айтылып жүрген сынға тоқталды. Оның пікірінше, бұл салмақта Қазақстан құрамасында әлемдік деңгейде өнер көрсетуге қабілетті бірнеше дзюдошы бар. Олардың қатарында Шерзод Давлатов, Талғат Орынбасар, Аман Бақытжан және Мағжан Шәмшадин де бар.

«Сағы сыну» деген ұғымға басқаша қараймын. Бұл – жауынгерлік жол. Осы жолда біреудің сағы сынды деп оны алып тастайтын болсақ, бұл әділетсіздік болар еді. 60 келідегі барлық спортшы әлемдік деңгейге лайықты. Бірақ жауапты бәсекелер мен жауапты сәттер болады. Сол жауапты сәттерді алып шығатын спортшылар аз», – деді Қоныспаев.

Сарапшы Шерзод Давлатовтың әлеуетін де жоғары бағалады. Алайда Азия ойындары секілді аса маңызды додада оның тәжірибесі шешуші рөл атқаруы мүмкін екенін атап өтті.

«Шерзод Давлатов өте мықты. Оны байқап көруге болады. Бірақ алып шыға ма деген екінші сұрақ бар. Өйткені финалға келгенде белдесуде жеңілген тұстары болды. Кеше де соңғы белдесуінде өте керемет келе жатып, болмашы жерлерде босаңси бастады», – деді ол.

Қоныспаевтың айтуынша, Талғат Орынбасар мен Аман Бақытжан да бір-бірінің соңынан еріп, тәжірибе жинап келе жатқан жас спортшылар.

Ал Елдос Сметовке қатысты шешімнің өзін сарапшы Олимпиада чемпионына кезекті мүмкіндік беру және оның тарихи жетістігін толықтыру тұрғысынан қарастырады.

«Бұл шешімде Олимпиада чемпионы Елдосқа да мүмкіндік беретін, тарихты тағы бір жаңғыртатын жағдай болып тұр. Ол Азия ойындарын екі рет жеңген алғашқы спортшымыз болайын деп тұр. Біз алдағыны көре алмаймыз, бірақ үміттенеміз. Өзі де соны жоспарлады деп ойлаймын», – деді Қоныспаев.

Оның сөзінше, Сметовтің тәжірибесі мен бапкерлік штабы да маңызды фактор.

«Оның азулы, тәжірибелі, өте мықты, білікті бапкері бар. Ғалымжан Жылкелдиев Елдосты осы жарысқа баруы керек десе, онда бұл шешімде үлкен даналық жатыр», – деді дзюдо сарапшысы.

Қоныспаев сондай-ақ Сметовтің Азия ойындарында Қазақстанның туын ұстап шығуының өзі үлкен мәртебе екенін атап өтті.

«Елдостың Азия ойындарында ту ұстап бара жатқаны – үлкен мәртебе. Оның орнына былтырғы Азия ойындарында қола алған Мағжан Шәмшадинді де қоюға болар еді. Бірақ бізге керегі – алтын. Елдостың бара жатқаны біз үшін абырой және жауапты сәттерді алып шығатын оның тәжірибесі жетерлік», – деді ол.

Сарапшы Сметовтің қазіргі мүмкіндігін оның 2014 жылғы Азия ойындарындағы жеңісімен де салыстырды. Сол кезде жас спортшы финалда әлем чемпионы Гамбат Болдбаатарды жеңіп, құрлық чемпионы атанған еді.

«2014 жылы Азия ойындарында чемпион болған кезде ол әлем чемпионы Гамбатты финалда жеңіп, татамиге шегелеп қойғандай ұстады. Ол кезде жастығымен жеңсе, қазір оған ақыл мен тәжірибе, кешегі Олимпиаданың айбаты қосылды», – деді Жандос Қоныспаев.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам