Данияр Елеусінов келесі жекпе-жегін өзбек боксшысымен өткізеді

Редактор
01.04.2024, 11:59

Оның қарсыласы Азияның екі дүркін чемпионы 

Vesti.kz. Турар Казангапов

Кәсіпқой бокстан орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық Данияр Елеусіновтің келесі жекпе-жегі қашан және кіммен өтетіні белгілі болды.

Спорт журналисі Уәлихан Қосанбайдың мәліметінше, Данияр 27 сәуірде Алматыда өтетін «IBA чемпиондар түні» атты бокс кешінде өнер көрсетеді. Оның қарсыласы – өзбекстандық боксшы Саиджамшид Джафаров. Жекпе-жек 71 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өтеді және 10 раундқа жоспарланған.

26 жастағы Джафаров әуесқой бокста Азияның екі дүркін чемпионы және әлем чемпионатының күміс жүлдегері.

Данияр Елеусінов болса 2016 жылғы Рио Олимпиадасының чемпионы, әлем және Азия чемпионы, Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы. 2018 жылдан бері кәсіпқой бокста өнер көрсетіп келеді. Ол менеджерімен дауласып, салдарынан ұзақ уақыт рингке шыққан жоқ. Тек былтыр желтоқсанда астанада өткен «IBA чемпиондар түнінде» Оңтүстік Африка Республикасының боксшысымен жұдырықтасып, төрешілер шешімімен жеңіске жетті. Дегенмен, бұл кездесуі ресми есепке алынған жоқ.