«Әке, естимісің? Біз жеңдік»: Усиктің алғашқы сөзі қайтыс болған әкесіне арналды

Редактор
19.05.2024, 09:51

Қос боксшы жыл соңында матч-реванш өткізуі мүмкін

Andrew Couldridge / Reuters

Аса ауыр салмақта әлемнің абсолютті чемпионы атанған украиналық Александр Усик осы жеңісінен кейін марқұм болған әкесін ескен алды.

«Әке, естимісің? Біз жеңдік», - деп айқайлады ол рингте.

Айта кету керек, Усиктің әкесі 2012 жылы Лондондағы Олимпиада ойындарынан кейін қайтыс болды. Аталған Олимпиадада Усик чемпион болған еді.

«Құдайға және менің командама рахмет. Сондай-ақ, маған және менің отбасыма, еліме осындай мүмкіндік тудырған Турки Әл аш-Шейхке мырзаға ерекше алғыс білдіремін», - деді Усик рингте берген сұхбатында.

Украиналық боксшы матч-реванш өткізуге де қарсы емес екенін бірден айтты. Оның қарсыласы Тайсон Фьюридің қарымта жекпе-жек талап етуге құқығы бар.

«Тайсон, саған да рахмет, сен болмасаң мұндай кездесу де болмас еді. Сен реванш талап етесің бе? Мен оған дайынмын. Біз тағы бір керемет жекпе-жек ұйымдастырамыз», - деді Александр Усик.

Айта кетейік, Усик пен Фьюри арасындағы супер жекпе-жек Эр-Рияд қаласында (Сауд Арабиясы) өтті. 12 раундқа жоспарланған кездесу соңына дейін болып, төрешілердің шешімімен украиналық боксшы жеңіске жетті.