Фируза Шарипова: Бір жылда 13 келіге семірдім

Редактор
17.06.2024, 17:16

2023 жылы қазақстандық боксшы жарақат алып қалып, операция жасатты

instagram.com/sharipova_firuza

IBO, IBA, WBU нұсқалары бойынша бұрынғы әлем чемпионы Фируза Шарипова жарақаттан кейінгі жағдайы жайлы айтты.

Sport Plus Qazaqstan-ға берген сұхбатында ол жарақат алғалы 13 келі артық салмақ қосқанын алға тартты. 

Естеріңізде болса, 2023 жылғы маусымда Шарипова Таразда Малави өкілі Рут Чисейлмен жекпе-жек өткізуі керек болған. Бірақ алдымен айқас уақыты өзгеріп, кейіннен қазақстандық боксшы жарақат алып қалып, операция жасатты. Қазір ол қалыпқа келу процесін жалғастырып, Астанада әйелдерге тегін бокс жаттығуларын өткізіп жүр.

«Мен де қарапайым адаммын: спорттағы бір жылдық үзілісте 13 келі салмақ қостым, психологпен жұмыс істедім, өз-өзіммен күрестім – бұл қалыпты жағдай. Бірақ өмір саған қандай сынақ берсе де, өзіңе және арманыңа сенуің керек. Себебі өмір өзіміздің қолымызда. Жаттығуда әйелдерге осы туралы да айтамын, кейбір нәрсені түзеу біз ойлағандай қиын емес. 

Қалыпқа келу процесімде әйелдерге жаттығу ұйымдастыру туралы ой келді. Өкінішке қарай, бізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайтын әйелдер көп, бірақ олар әлі де бұл туралы тіс жаруға қорқады, ұялады. Алайда тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң қабылданған соң әйелдер өз оқиғаларын айта бастады. Мен қолымнан келгенше қолдау көрсетіп, жаттығу ұйымдастырамын деп шештім. Қазір бос уақытым бар. Қалпыма келіп жатырмын. Қыздармен тәжірибеммен бөлісемін», - деді боксшы қыз.

Фируза Шарипова (15-2-0) – жеңіл салмақта абсолютті әлем чемпионы атағына таласқан жалғыз қазақстандық боксшы қыз.

Материалда: