Қос боксшы 1996 жылы Атланта Олимпиадасына қатар қатысқан
Бокстан Олимпиада ойындарының чемпиондары Ермахан Ибрайымов пен Василий Жиров Қазақстан халқын Республика күні мерекесімен құттықтады.
Қазақстанға келген Василий Жиров өзінің құрамадағы бұрынғы әріптесі Ермаханмен жүздесіп, екеуі жанкүйерлерін бүгінгі мерекемен құттықтады. Бұл туралы Ермахан Ибрайымов әлеуметтік желіде бейнежазба жариялады.
"Көптен асыға күткен досым Василий Жиров келіп қалыпты. Баршаңызды бүгінгі мерекемен шын жүректен құттықтаймын", - деді Ермахан Ибраимов.
Қос боксшы 1996 жылы Атланта Олимпиадасына қатар қатысқан. Аталған сында Ермахан Ибрайымов 71 келіде қола жүлдегер атанса, Василий Жиров 81 келіде Олимпиада чемпионы атанды. Кейін Жиров кәсіпқой боксқа ауысып, әлем чемпионы атанды. Ал Ермахан Сағиұлы араға 4 жыл салып Сиднейде чемпион болды.
Жиров 1996 жылы Атланта Олимпиадасында чемпион болып, Вэр Баркер кубогін иеленген. Ал, Ибрайымов 2000 жылы Сиднейде топ жарды.